Кілт сөзін жүрек соғысы алмастырады

Кілт сөзін жүрек соғысы алмастырады

Естеріңізде болса, кілт-сөздері жайлы айтып кеткен болатынбыз. Ақпараттар мен жеке мәліметтеріңізге басқа біреу қол сұқпас үшін сенімді әрі берік кілт сөз таңдалуы қажет. Алайда жақын арада кілт сөздері де қолданыстан шығатын сияқты...

Қазір бәріміз компьютерімізге, мобильді құрылғыларымызға теріп отыратын кілт сөздердің орнын болашақта жүрек соғысы мен ми импульстары баспақ, - деп хабарлайды Вести.Ru агенттігі.

Бұндай кілт-сөздерді ұрлап алу, ұмытып қалу мүмкін емес. Ми импульстары мен жүрек соғысының әсерінен пайда болған шифр саусақ іздері мен көз торын және бет суретін алмастыра алады.

Белгілі бір суреттерге қарап, адам миының қандай әсер беретінін Мысырдағы Британия университетінің профессоры Кен Реветт пен Нью-Мексико зияткерлікті зерттеу  орталығының маманы Нэвин Кота зерттеп жүр. Олардың әріптесі Ұлыбританияның Вулверхэмптон университетінің профессоры Рамасвами Паланиапан да бұл мәселені түбегейлі зерттеу үстінде.

Олар ашқан жаңалық мынау. Егер адамға туысқанының суретін көрсетсе, миының тудырған электр импульстарын кілт сөзі ретінде пайдалануға болады. Бұндай технологияның үлкен бір кемшілігі бар. Бұны жүзеге асыру үшін әлі де адамның басына түрлі сым-электродтарды жалғау керек болады.

Шифрлаудың жүрек нұсқасын Кембридж университетінің маманы Джон Ирвин ашқан болатын. Оның байқауынша, тамыр соғысының "суреті" жүректің жылдам соққанына тәуелсіз. Қытайлық ғалымдардың пайымдауынша, әр адамның жүрек соғысы ритмі әрқалай.

Сурет: wordpress.com