Кілт сөзін қалай таңдаймын?

Кілт сөзін қалай таңдаймын?

Кілт сөз (франц. parole-сөз), белгіленген құпия сөз - қолданушының компьютер жүйесіне еніп, ондағы бағдарламаларға немесе ақпаратқа рұқсат алу үшін пернетақтадан терілетін символдардың құпия тізбегі. Кілт сөз жеке ақпаратқа қолсұғушылықтан сақтап, ақпаратыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірден-бір құрал. 

Кілт сөзін дұрыс таңдау
Ең бастысы "сөздіктің" құрамына енетін кілт сөзді пайдаланудан аулақ болыңыз. Кілт сөздерін сіздің рұқсатыңызсыз тауып, пайдалануға арналған заманауи бағдарламалар "дөрекі күш" (brute force) тәсілін ұстанып, "сөздіктердегі" барлық мүмкін болатын кілт сөздерді таңдай береді. Қарапайым "123456", "111111", "qwerty", "фыва" мен "йцукен" сынды кілт сөздерін пайдалансаңыз, құнды ақпаратыңызға немесе компьютердегі бағдарламаларға қауіп төнуі ғажап емес. Бәріміз білетіндей, кейде ақпараттың кейбір түрлері ақшадан да қымбат.

Кілт сөзін дұрыс таңдау үшін "A-Z", "a-z", "0-9", тыныс белгілері мен астыңғы және жоғарғы регистрдегі символдарды пайдаланып, белгіленген символ тізбегін қолданған жөн. Ең болмағанда бір символ сан немесе басқа да белгі қолданған дұрыс. Мысалға алсақ, сіз "sguibdfa" деп теріп алдыңыз делік, егер бұл кілт сөзге бір өзгерту енгізіп, мысалға sguiBdf0" кілт сөзіне айналдырсаңыз, зиянкес дегеніне жете алмай, компьютеріңіздің қауіпсіздігін сақтай аласыз.
Бұған қоса, кілт сөзінің символдары ретінде жалпыға белгілі мәліметтегі сандар мен әріптерді пайдаланбаған абзал. Мысалы, туған күніңіз, құжат, телефон нөміріңіз бен олардың мүмкін болатын комбинациялары қауіпсіздіктің төменгі деңгейін көрсетеді.

Кілт сөзінде кем дегенде 8 символ болуы керек. Егер аз болса, өте қауіпті, көп болса, жаттап алуға қиын болады. Кілт сөзге ең дұрысы 8-10 символ таңдау керек.
Егер біреу артыңыздан аңдып тұрса, кілт сөзін қалай теру керек?

Сіздің қасыңызда біреу бар делік. Ал сізге дереу кілт сөзін енгізу қажет. Бұндайда не істеуге болады? Жауап беріп көрейік:
1. Асықпай жалған кілт сөзді енгізіп көріңіз. 
2. Тағы бір рет жалған кілт сөзін енгізіңіз. 
3. Дұрыс кілт сөзді енгізіңіз.
Бұндай әрекеттер сіздің мониторыңызға қарап тұрған адамды ызаландырып, оның дұрыс кілт сөзін жаттап алу мүмкіндігін төмендетеді. Егер ол шынымен де сіздің не теріп жатқаныңызды аңдып тұрған болса, бірінші сәтте ол зейін қойын сіздің саусақтарыңызға қарайды. Кейін оның реакциясы төмендеп, кілт сөзді жаттап алу мүмкіндігі мейілінше азаяды. 

Бұған қоса, зиянкесті ызаландыру үшін бірнеше рет пернетақтаға қарамай кілт сөзін енгізіп көріңіз. Дегеніне жете алмаған ол сол арада табанын жалтыратады.

Біреудің компьютерінде жұмыс істесеңіз, нені есте сақтаған жөн?

Кейде басқа біреудің компьютерінде жұмыс істеп, кілт сөзді енгізу қажеттілігі туындайды. Әдетте, ол интернет-кафелерде болатын жағдай. Қазіргі кезде кілт сөздерін ұрлайтын көптеген бағдарламалар бар. Олар пернетақтада қандай символдардың теріліп жатқанын жаттап алып, зиянкеске сол ақпаратты таратып отырады. Осындай жағдайда не істеуге болады? 

Алдымен, сол бағдарламалардың жұмыс істеу принципін атап кетейік. Олар терілетін сан, әріп тізбегін жаттайды. Яғни кілт сөзіңізді екі бөліп жазуға мүмкіндігіңіз бар деген сөз. Кілт сөзі терезесіне символдардың бір бөлігін жазып, екінші басқа бір терезеде ойыңызға келген әріптерді жаза салсаңыз болады. Кілт сөзі терезесіне қайта оралып, қалған бөлігін жаза беруіңізге болады. Осындай тәсілді қолдансаңыз, зиянкесті шатастырып жібере ала аласыз. Кейін келіп түскен ақпарат арқылы ол кілт сөзіңізді қалпына келтіргеннің өзінде де, қателердің пайда болу ықтималдылығы үлкен болады. Дегеніне жете алмаған зиянкес бұл істі доғара салады.

Сурет: realmightycat.blogspot.com