Жаңа технологиямен келетін жаңа спорт түрлері

Жаңа технологиямен келетін жаңа спорт түрлері

Ғылымның дамуы барысында жаңа мүмкіндіктер ашыла түседі. Джетпак, телепорт немесе киборгизация сияқты сөздердің өзі бізге еміс-еміс естілетін болды. Бір қызығы, жаңадан шығып жатқан технлологиялардың барлығы да көріпкелдердің болжамы мен жазушылардың кітаптарында «нұсқаулық» ретінде болған. Massaget.kz адамзаттың болашақта айналысатын спорттың жаңа түрлерін ұсынады.

Жарық-диодты қылышпен шайқасу

MIT және Гарвард университеттерінің физик ғалымдары «Звездные войны» фильміндегі жарық-диодты қылышты жасап шығудың аз-ақ алдында тұр. Ғалымдар ойыннан гөрі кванттық компьютер жасап шығу амалдарын қарастырып жатқанда біз өз кезегімізде лазерлі қылышпен шайқасу спорты туралы ойлап көрсек артық етпейді.

Телепортация арқылы тығылыспақ ойнау

2009 жылы Мэриленд университетінің кванттық физика мамандары бір атомды бір метр қашықтыққа телепортациялады. Осы нәтижелі зерттеу әлі де дамып, бүкіл әлем ғалымдарының назарына ілігуде. Егер қандай да бір затты екінші бір жерге телепортациялау сәтті дамып жатса, бұл арқылы кәдуілгі тығылыспақ ойынының заманауи түрін дамытуға болады екен. Геокэшинг деп аталатын ойын қазірдің өзінде-ақ ойналып жүр. Бұл ойын – GPS-құрылғы арқылы тығылыспақ ойнау болып табылады.

Десек те, ғалымдардың айтуы бойынша, адамды телепортациялау үшін көп уақыт керек. Генетикалық код, жады, естеліктер мен ойларды екінші бір мекенге телепортациялау үшін адамзатқа 4,5 квадриллион жыл қажет екен.

Киборг-атлеттердің жарысы

Қазіргі спортсмендер уақыт өткен сайын жаңа рекордтар орнатуда. Десек те, адам баласының мүмкіндіктері шектеулі екендігін бәріміз де білеміз. Болашақта ғылымның дамуымен бірге адам денсаулығы мен мүмкіндіктері де дами түсуі мүмкін деп болжауымыз заңды. Бүгінде де «допингтер» адам бұлшық еттері мен ағзасын кереметтей нәтижеге дейін жеткізіп жүр. (Зияны да жоқ емес).

Мәселен, биоэтик Энди Миам адам денесінің хирургиялық өзгерістерге ұшырайтынынан пайдасы тимесе аса зияны бола қоймас дегенді айтады. Адамның әрбір қызмет бөлшегін жетілдіру арқылы Энди «кибернетикалық ағза» түсінігінің мәнін ашып береді. Адам мен техниканың қосындысын – киборг десек, сол киборгтардың өзіндік спорт түрі болса несі жаман?  Оған мысал ретінде 2007 жылы Оңтүстік Африкадан шыққан Оскар Писториустың ерлігін айтсақ та жеткілікті. Оскар әлемнің 6 дүркін чемпионы ғана емес, сонымен қатар сау адамдар қатысқан көптеген жазғы жарыстарда жүлделі орындарды алып жүр.

Ховербордпен ұшу

Ховерборд – дөңгелегінің орнына «антигравитатор» орнатылған ұшатын скейтборд. Әзірге бұл құрылғы жер бетінен 7 сантиметр биіктікте ғана ұша алады. Бұл аппараттың айқын протатипі «Назад в будущее» фильмінде бар. Фильмде 2015 жылы болатын оқиға суреттелген. Қиялдап көрсек, келер жылы біз осындай ховербордтармен сабаққа я жұмысқа да бара аламыз немесе таулы алқаптарды ұшып саяхаттай аламыз. Ғалымдар да бұл аппаратты дамыту үстінде екен.

Мәселен, франциялық суретші Нильс Гаданьян фильмдегі аппаратты жасап шыққан. Десе де оның құрылғысы адам салмағын әзірге көтере алмайды. Ховерборд электромагнитизм заңдылығының күшімен ауада тұр. Ал ең бастысы – оның кереметтей дизайны болып отыр.

Өзге ғаламшарлардағы альпинизм

Өзге ғаламшарлардағы таулы жерлеріне бару – болашақта ең бір қызықты спорт түріне айналады дейді білгіштер. Күн жүйесіндегі өзге де планеталарда біздің ғаламшарымыздағы тауларға қарағанда биік таулы жыныстары бар. Мәселен Шолпан ғаламшарында Иштар деп аталатын тау біздегі Тибет тауларынан екі есе биік. Ал оның ортасында 11 мың биіктікте жанартау бар екен. Ал күн жүйесіндегі ғаламшарларының ішінде биік тауымен Марс қана мақтана алады екен. Олимп жанартауының биіктігі 24 мың шақырым. Екінші орында Вест шыңы.

Егер технология дамып, адамзат өзге ғаламшарларға саяхат жасай алатын болса, бұл спорт түрінің дамитыны күмәнсіз.

Жалғасы бар...

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: lookatme.ru

А. Құлтай