Мысыққа еркелеткен ұнамайды

Мысыққа еркелеткен ұнамайды

Үй мысықтары арасында таяуда ғана жүргізілген зерттеулер өте қызықты тұжырым айтып отыр: Мысықтар қожайындарының мейірімін жақтыртпайды екен.

Тәжірибелік жұмыстардың авторы – Бразилиядағы Сан-Паулу, Ұлыбританиядағы Линкольн Университетінің, Вена Университетінің ветеринарлық медицина қызметкерлері.

Олар мысықтар адамның қолынан, жылы сөздерінен нашар күйге бөленеді дегенді айтады. Сондықтан, қожайын мысығы күйзеліске түссін демесе, сылап-сипауын тоқтатуы керек.

Профессор Дэниел Миллс анықтағандай, ең терең күйзеліске түсетіндер – сипаған ұнамаса да, амалсыздан рұқсат беретін мысықтар екен. Олардың ағзаларынан кортизол атты күйзеліс гормонының жоғары мөлшері табылды.

Мамандар жалғыз тұратын, жұп болып тұратын, топ болып өмір сүретін мысықтарды да бақылайды. Зерттеу топ болып өмір сүретін мысықтардың жағдайы жақсы екенін көрсетті. Тіпті, жалғыз өмір сүретін екі жастағы жас мысықтардың күйзеліске душар болғандығы белгілі болыпты. 

Сондықтан да, достарыңызға өз махаббатыңыз бен жақындығыңызды жиі көрсете берудің қажеті жоқ. Оларға бұл әрекеттер ұнамайды. Және үйіңізде бірнеше мысық мекен ететін болса, әрбірінің жеке заттары болуын қадағалаңыз.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: byaki.net