Сессияға дейін және кейін

Сессияға дейін және кейін
Фото: bilim-all.kz

Студенттер үшін «сессия» сөзі жан алқымнан алатын жан алғыш періште секілді. Бұл қалыптасып кеткен үрдіске кім кінәлі? Неге студенттер үшін сессия алынбас қамал болуы керек? Сессияға дейін және одан кейінгі жағдай қандай? 

Сессия – белгілі бір жиналыс немесе оқу жылындағы студенттердің аралық бақылау ретінде тапсыратын емтиханы. 11 жыл білім алып, ҰБТ-дан қорыққан оқушылардың алдынан төрт жыл бойына күтетін, бір оқу жылында екі рет өтетін сессия қазір маңызды тақырып. Себебі қай оқу орынның студентін алсаңыз да, бәрінің айтатыны «бүгін сессия!». 

Түн ұйқысын төрт бөліп, тамақтан да қалып, көз жастарын бұлап жатқан студенттердің сессияға дейінгі халі керемет. Жатақхана мен оқу ғимаратының арасында ары-бері сандалып жүретіндері де, білім алуға асығатындары да бар. Негізі емтихан оқыған, білген адам үшін алаңдайтын мәселе емес, бірақ сессия кімнің болмасын есін шығарады. 

Сессияға дейінгі студенттің өмірі: 

Әлі уақыт бар. Уақыттың жоқ екенін біле тұра, жоқтан бар жасайды. 

Оқып аламыз. Өз уақытында оқылмаған білім, кітап, том-том еңбектер бір түн ішінде сіздің санаңызға сіңеді деп ойлайсыз ба? 

Қойып береді. Көзі таныс болып кеткенімен, сессия кезінде студент өзінің белсенді студент екенін ұмыту керек. Ол жерде сіздің қоғамдық белсенділік емес, білім біліктілігіңіз сыналады. 

Бағам жеткілікті. Сессия кезінде сіздің ол күнге дейін қандай баға алып келгеніңіз маңызды емес. Себебі сіз жазған емтихан қағазында тек сіздің жазған жұмысыңыз ғана болады. Атыңыз аталып, түсіңіз суреттелмейді. Тексеруші ұстаз да басқа. Ол үшін 0-100 арасында бағаның бірін қою жеткілікті. 

Ертең сессия! Арада өткен 14 аптаны артқа тастап сессия келді. Студенттің бал өмірі күрт өзгеріп, аспаннан қара бұлт төнді. Кеше ғана бәрі керемет деп отырған студент бармағын тістелей бастады. 100, 200, 500... сұрақтан тұратын тест сұрақтарын жаттай бастады. «Еріншектің ертеңі бітпес» дегеннің күйі алдынан шықты. 

Шпор бар. Қазір технология дамыған заман. Кезекші ұстаздарға аңдытып отырғаннан гөрі, дайын камера қойып, жіті бақылай алады. Қай жерден амалын тауып кетемін десеңіз де ұсталып қаласыз. 

Сөйлеп берсек болды. Ауызша түрде тапсыратын студенттер үшін сессияға "сөйлеп шықсам болды" секілді. Олай емес, әр жауапта мән болмаса, мағынасы болмаса сылдыр сөзге баға аламын деп ойламаңыз. 

Сессиядан кейінгі студенттің өмірі: 

Депрессия. «Қанша қойды екен?», «кім тексереді екен?» деген сұрақтармен бас ауырта бастайды. Өзінің жазғанына сенімсіз болған болса, бұл қалыпты жағдай. Себебі парақты толтырған, тестті жазған өзіңіз. 48 сағат ішінде жауап шыққанша қайта-қайта алаңдап, өмірі сонымен тоқтап қалатын секілді күй кешеді. 

Ашуға берілу және жылау. Баға белгілі болған кезде бірі жылайды, бірі ашуланады. Оның өзінде өзін емес, бағаны не ұстазды кінәлап ашуға беріледі. 

Ата-анасын шақыру. Өзінің қателігі үшін әулетін араластырып, ата-анасын шақырады. Айран ішкен студент, кеспек жалаған оқу орны. 

Шәкіртақы: қуану әрі қайғыру. Жақсы баға алса «шүкір» етіп, ай сайын берілетін шәкіртақыны сақтағанын мақтан тұтады. Төмен баға алса үкіметтің ақшасын айтып, сылтау қылады. 

Баға сұрау. Болары болып, бояуы сіңген кезде алып-ұшып аяқ асты білімді болып, баға сұрауға дейін барады. Көнбесе қайта қарауға комиссияға жібереді. 

Дәл осылай жылына екі рет студенттер сессияға дейін және кейін деген кезеңді бастан кешеді. Ең қызығы, ешқайсысы сабақ болмайды. Баяғы жартас сол жартас күйінде қала береді. 

Түйін. Сессияны қиындатып алған студенттердің өзі. Ол ешқандай білім көрсеткіші емес. Себебі біліп тұрсаңыз баға сіздікі, білмесеңіз өкпелемеңіз. Ал жолын тауып кетсеңіз ол – өнер. Сондықтан сессияны алынбайтын қамал секілді көрмеу үшін ерте бастан оқыңыз, біліңіз, түсініңіз. Жасаған қателік үшін мемлекеттік не жекеменшік мекемелер, оқу орындары, ұстаздар кінәлі болмауы керек. Ол олардың қадір-қасиетін түсіріп қана қоймай, жеке басының абыройын айрандай төгумен бірдей. Егер дәлел бар болса, онда ол заң жүзінде қаралатын сіздің жеке құқыңыз. Құқыңызды заң жүзінде адал әрі біліммен қорғап алыңыз. Басқасы сылтау ғана. 

М. Ақан