Алматы көшбасшыларының жазғы демалысы (Жалғасы)

Алматы көшбасшыларының жазғы демалысы (Жалғасы)
Фото: massaget.kz

5-8 тамыз аралығында Алматы облысы Қапшағай қаласы «Алтын Емел» демалыс орнында «Болашағыңды басқар» атты жазғы лагерь ұйымдастырылды. «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподақ ұйымы Қоғамдық Бірлестігі алғаш рет қолға алған шараға Алматы қаласы әкімдігі Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы қолдау көрсетті.

БАСЫ

Таңғы астан түскі асқа дейін төрт күн қатарынан Гүлзи Нәби өткізген психологиялық тренинг-семинар да төрт сағатқа созылғанымен, ешкімді жалықтырмады. Қайта, келесі күнді асыға күтетіндей әсер сыйлады. Өйткені мұнда студенттер бұрын-соңды еш жерден көріп-білмеген ойындарға қатысып, тапсырмалар орындап, өздерін мемлекетке аса қажетті, саяси тұлға ретінде сезінуге мүмкіндік алды.

Тағы бір ерекшелігі қызықты тапсырмаларды өз ыңғайыңа қарай, жерге отырып, жатып орындауға болады. Ұйқы қысса, мызғып алуға да рұқсат. Кей студенттер іште тынып жатқан талантын жарыққа шығарып, өзін өзге қырынан тануда және танытуда биоробот емес екенін дәлелдеуге тырысып бақты. Бұл туралы алдағы уақытта толығырақ жазамыз.

Қапшағай су қоймасы жағалауындағы эстафеталық ойындар, көңілді тапқырлар қойылымы және басқа да белсенділіктері арқылы топ-топ боп сайысқа түскен қатысушыларға лагерьдің жабылу салтанатында тосынсыйлар табысталды:

– Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына екі команда мүшелеріне тегін билеттер;

– Алматы қаласының кез келген кинотеатрына билет;

– Екі команда боулингке жолдама;

– Үздік команда «Madeni» асханасынан түскі ас ішу сертификатын ұтып алды.

«Болашағыңды басқар» лагерінде белсенділігімен көзге түскен жастарға ең бағалы сыйлық – кітап тарту етілді. Барлық қатысушы атақты психолог Гүлзи Нәби шығарған күйзеліске қарсы күнтізбесіне иеленді.

Ең бастысы, қатысушылар сана сандығын салиқалы сөзбен, жанын жадыраған жолдаспен байытып берген «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподақ ұйымына шексіз алғыс жаудырды.

@. @assel_assanova