Алматы көшбасшыларының жазғы демалысы

Алматы көшбасшыларының жазғы демалысы
Фото: massaget.kz

5-8 тамыз аралығында Алматы облысы Қапшағай қаласы «Алтын Емел» демалыс орнында «Болашағыңды басқар» атты жазғы лагерь ұйымдастырылды. «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподақ ұйымы Қоғамдық Бірлестігі алғаш рет қолға алған шараға Алматы қаласы әкімдігі Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы қолдау көрсетті.

«Төмен санаттылар – адамдарды, орташа деңгейдегілер – жаңалықтарды, жоғары дәрежедегі адамдар – идеяларды талқылайды». ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған лагерьде Алматыдағы жас көшбасшылар бас қосып, бір-бірінің тың идеяларымен бөлісті.

Алматының 38 жоғары оқу орнынан жиналған студенттер және БАҚ өкілдері таңмен таласа тұрып, сәтті күнді жаттығумен бастады. Сәт сайын сергу үшін флешмоб биледі. Денсаулыққа мейлінше пайдалы жолмен, қайнатылып, бұқтырылып пісірілген тағамдарды талғажау етті. Лагерь аяқталар сәтте көпшілігі осы күн тәртібін, салауатты өмір салтын әрдайым ұстанамын деген шешімге келді.

Қатысушылар алғашқы күні Универсиада-2017 ресми елшісі атанған қазақтың даңқты боксері Қанат Исламмен кездесіп, еркін қалыпта көкейдегі сауалдарын қойды, жан жүрегімен ел қамын жеп жүрген батырға ризашылықтарын білдірді. Жас жалындар жанға жайлы демалыспен қатар, миға мардымды мәліметпен қанығып, тәжірибелі тренерлерден кеңес алды:

Танымал да талантты журналист Әуесбайдың Қанаты «Табысқа жетудің жолы және оның алгоритмі» тақырыбында;

«Жастардың рухани серпілісі» тақырыбында саясаткер, «Болашақ» жастар қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратов;

«Қаржы жұмсамай табыс табу» тақырыбында жас кәсіркер Дәулет Құрманбаев;

«Жастар және қоғам» атты тақырыпта Өркен Кенжебек;

Жылдам ақпараттық қоғамдағы тұлғаның қалыптасуы немесе «Динозаврлар неге жойылды?» тақырыбында Садық Шерімбек тренинг өткізді.

Тағылымды тұлғалар айтқан айбынды сөзден жас көшбасшылар төрт жыл жүріп жинайтын ілімді төрт күнде алып үлгерді десек те артық болмас.

Жалғасы бар...

@. @assel_assanova