Мен студент болмағанда...

Мен студент болмағанда...
Фото: Ерболат Қанатбек

Мен студент болмағанда... 

Ит арқасы қияндағы ауылда бұйығы тіршіліктің иесі атанушы едім. Әрі білімнің иісі мұрнына маңайламайтын дөкір достарыммен бірігіп, «жынды судың» жолдасы атанып, «шайтанның боғын» құмарта тартатын біреу болушы едім. Мәдени ошақтардың маңына аяқ баспайтын, тіпті аяқ баса қалғанның өзінде табаныма қотыр шығатындай қорқар ма едім? Әлемнің асылы саналған қадірлі кітаптың қадіріне жетпеуші едім. Бойыма қонған шабыт шағаласын шарықтата алмаушы едім. Яғни өлең жазатын қабілетін дамытуға мүмкіншілік тумайтын. Содан кейін барып «ой бағудың» орнына қой бағатын қойшы болып кетуім де ғажап емес-ті.

Соңында күйкі тірліктің күйбеңіне араласып өзіммен өзім кетер ме едім?!

Мен студент атанғанда...

Сонау қашықтықтармен өлшенетін қиырдағы тіршілік түтінінен босап «қала» атты даңғылдың жолаушысы атандым. Өмірдің қилы тарам жолының аңысын аңдыдым. Әрі мен өз мінезіммен сәйкес келетін, жүрегі жылы достар таптым. Драма, кино театрларына барып, онымен қоса басқа да мәдени орындарға жиі бас сұғып өміріме рухани азық жинадым. Мектеп оқушысы кезімнен бастап оқыған кітаптарымның санын әлденеше есе толықтыра түсіп, әлем әдебиетінің жауһарларына қызығушылық таныттым. Жүрегіме құс болып қонған өлең өрісін кеңейте түстім. Жазушылар Одағының киелі сахнасында төгілдіре, тебірене жыр түндігін шайқалттым. Еңбегім еленіп, өлеңдерім өріске шығып «Жас толқын» антологиясында топтама өлеңдерім жарық көрді. Өзім түнекті надандықтың құрсауынан бір босап, білімнің сәулесін жүрегіме ұялаттым. Өмір ­толқынның арнасымен ақбұйра толқындардай ақтарыла есіп барамын. Мен кешегі тентек бала емеспін. Келешекті тереңінен ойлайтын тұлға болғым келеді.

Олжас Қасым

2009 ж.

@. @assel_assanova