- Негізгі бет
- Студенттік өмір
- Студенттер қабылдау кеші...
Студенттер қабылдау кеші қалай өтеді?
Қыркүйектің аяғына таяу оқу орнының белсенділері жаңадан келген бірінші курс студенттерін қабылдау кешін ұйымдастырады. Бұдан бөлек университет әкімшілігі де ресми қабылдау шарасын өткізеді.
Ең алдымен, екі шара екі бөлек екенін ескертіп өту керек. Әдетте, жыл басында тез араласып-құраласып кеткен студенттер қоғамдық бірлестіктерге мүше болып кіріп, жаңалықтарды таратып жүреді. Демек, қабылдау кешінің қайда, қашан болатынын сізге алдын ала хабарлайды.
1 – ресми кеш
Университет әкімшілігі жыл сайын жаңа студенттерді қабылдау шарасын өткізеді. Мұнда музыкалық оркестр ойнап, концерт қойылып, жүргізушілер бірінші курс студенттерін өмірдің жаңа кезеңіне өтуімен құттықтайды. Бұл шараға әр адам әрқалай киініп келеді. Бірі кәдімгі шалбар мен кофта киіп келсе, енді бірі көйлек киіп қатысады. Егер шара ашық жерде өтетін болса, көйлек киіп, сәнденудің қажеті жоқ. Ал әкімшілік ғимаратты безендіріп, би кешін ұйымдастыратын болса, көйлек кигеніңіз абзал. Демек, алдымен топ басшысы қабылдау кеші қандай форматта өтетінін біліп, сіздерге хабарлауы керек.
2 – қабылдау кеші
Университеттің белсенді жастары жыл сайын жаңа студенттерді қабылдау кешін ұйымдастырады. Шамамен әр адамнан 5000 теңгеден жинап, қаланың көрнекті мейрамханаларының бірін жалдап, бір-екі танымал әртісті шақырып, кешті көңілді өткізуге барын салады. Фуршет жасап, сусындар толтырады.
Бұл кешке «аш қарынмен» бармаған жөн. «Тойға барсаң, тойып бар» деген сөз осы жағдайға лайық екені сөзсіз. Фуршет тек үлгерген жанға жүрек жалғауға көмектеседі. Сондай-ақ адамның көптігінен кештің қызығынан құр қалуға болады. Егер тойды асаба жүргізіп, әр қонақты ескеретін болса, бұл жерде жалғыз жүрген адамның іші пысуы әбден мүмкін. Топпен келгендер бір-бірінің көңілін аулап, кешті қызықты өткізе алады. Сол себепті жаныңызға кемінде екі серік ертіп алғаныңыз жөн.
Ф. Абилова