Студенттерді қабылдау кеші қалай өтеді? #2

Студенттерді қабылдау кеші қалай өтеді? #2
Фото: saharaclub.com.ua

Қыркүйектің аяғына таяу университеттің белсенділері бірінші курс студенттеріне арнап қабылдау кешін ұйымдастырады. 

Басы

Қабылдау кешінде ескеру керек жайттар

Қыздар, қабылдау кешіне жалғыз келмегеніңіз дұрыс. Бұл жиында, әдетте, жоғары курс студенттері де болады. Олар «жаңа піскен» студент қыздармен танысып, жақындасуды мақсат етіп келеді. Көңіл көтеріп, уақыт өткізгісі келетін жоғары курс студенттері қабылдау кешіне емес, өз ортасымен түнгі клуб не лаунж барға барады. Ал қабылдау кешіне келген жігіттердің ойы мүлде басқа. Сондықтан жаныңызға келіп, танысқысы келген жігіттен абай болыңыз. Мұндай жерде өмірлік жарыңызды не ханзаданы кездестіруіңіз екіталай.

Кештен алып кететін адаммен алдын ала келісіп қойыңыз немесе қауіпсіз такси жалдаңыз.

Кештің соңына дейін қалуға тырыспаңыз. Әдетте 3-4 сағаттан кейін жиналған қауымның жартысы дерлік мастанып, білгенін істеп жатады. Кешті екі-үш сағат қызықтап, көп ұзамай үйге қайтқаныңыз жөн.

Мұңаймаңыз, бұл студенттік өмірдің бастамасы ғана. Әлі талай кеш пен жиындар болады. Талай жерге қыдырып, топпен көңіл көтересіз. Ал «қабылдау кеші – студент өміріндегі ең маңызды күн» деген түсінік жалған.

Ер жігіттерге айтарымыз, қыздарға тиісіп, әркіммен таныспағаныңыз жөн. Өзіңізді салмақты, байсалды ұстаңыз. Кешті көңілді өткізбе дегеніміз емес, бар болғаны арақ-шарап ішіп, мастанып, келесі күні бас ауруымен оянуыңыз мүмкін екенін ескертеміз. Денсаулығыңызды ойлаңыз. Бірнеше сағаттық «босаңсу» ұятты жағдайға ұласуы мүмкін.

Мінеки, іні-сіңлілерімізге қабылдау кешіне қатысты айтуымыз тиіс жайттар осындай. Жаңа өмір кезеңі қызықты әрі пайдалы өтсін!

Ф. Абилова