Студент: Оқытушылармен қалай тіл табысамын?

Студент: Оқытушылармен қалай тіл табысамын?
Фото: Досжан Балабекұлы

Әлемде қанша адам болса, сонша пікір бар, сонша мінез бар дейміз. Жан-жақтан жиналған студенттердің өскен ортасы, алған тәрбиесі бойынша сан қырлы болып келетіні секілді оларға білім беретін оқытушылардың да түрлі мінезі, түрлі қылығы болады. Сізге қойылатын балл сол кісілердің қолында болғандықтан, әр қайсысының тілін таба білгеніңіз жөн. Тілін табу деген – жалпақтап, айтқанының бәрін құптау емес, ыңғайына жығылып, бағытына бейімделу.

Сабақ үстінде сұрақ қойған студент қылығын бір оқытушы зеректікке, білім құмарлыққа баласа, бір оқытушы әдепсіздік, өзін сыйламағандық деп түсінуі мүмкін. Сондықтан алғашында аңдысын аңдып, оқытушыларды танып алмайынша артық әрекетке бармағаныңыз абзал.

«Менің үйрететінімді ешкім еш жерде үйреткен жоқ», «менің пәнім ең маңызды» деп айта беретін оқытушылар болады. Сіз олай ойламасаңыз да, ол кісі өз ойын ешқашан қате деп есептемейді. Мұғалімнің пікіріне келіспейтін болсаңыз, сол сәтте тойтарыс беріп, қарсы пікіріңізді дәлелдеуге тырыспаңыз. Үлкен кісіге қарсы шыққандықтан, сіздікі бәрібір дұрыс емес болып шығады. Одан да әдептілік танытып, оңашада немесе сөз арасында өз ойыңызды майда да мәдениетті тілмен жеткізіп көріңіз. Оқытушы тарапынан бірден қарсылыққа ұшырасаңыз, «сіздікі дұрыс» дей салыңыз.

«Студенттер не біледі дейсің», «Олар не айтып жарытады, шектеулі кезеңде менің білетінімді алып үлгерсін». Бұл сөзді көбіне егде тартқан кісілер айтады. Олар ешқандай тапсырма бермей, қорытынды аптада барлығына жоғары балл қоя салады. Сабақты бос өттіге санап, «тапсырма беріңіз», «сабақ өтейік» деп ерекшеленетін студенттер болады. Олар басқаларға жек көрінішті болудан басқа пайда таппайды.

Балл қоймай, жалындырғанды жақсы көретін оқытушылар болады. Оларға илікпеңіз. Сабақ айтқанда өзіңізге сенімді екеніңізді білдіріп, тура қарап тұрып, «імм», «жаңағы», «қалай еді» деген сөздерге жол бермей, саспай, аптықпай айтып шығыңыз. Жақсы баллды жағымпазданбай-ақ, жалынбай-ақ ала алатыныңызды дәлелдеңіз. Өзіңіз жете білмейтін тақырыптарды бастамаңыз, ол сізге қосымша сұрақтар қоя бергісі келеді. Жауап бере алмай қалсаңыз, міне, ұят деген сондай болады.

Жалғасы бар...

@. @assel_assanova