- Негізгі бет
- Ол кім? Бұл не?
- Аты аңызға айналған...
Аты аңызға айналған інжір
Жегенде дәмі тіл үйіретін, ішінде топырақ тәрізді тұқымдары бар жеміс сізге таныс па? Біздің елімізде көп жағдайда кептірілген түрі кездесетін інжір (инжир) жемісі туралы қызықты деректерге көз жүгіртіңіз.
Ол миллиондаған жылдан бері адамзатпен бірге жасап келеді. Адам ата мен Хауа ана тыйым салынған алманы жеген кезде ұяты оянып, денесін інжір ағашының жапырағымен жапқан. Алма есте сақталды, ал інжір ұмыт қалды, себебі оңтүстік пен солтүстік тұрғындары інжір туралы ештеңе білмейтін еді.
Ескендір Зұлқарнайын әскери жорықтар кезінде өзімен бірге кептірілген інжір алып жүретін болған. Себебі ол мол күш-қуат береді әрі жүк арасында көп орын алмайды.
Дәрігер ғалым Ибн Сина бұл жемістің емдік тұрғыдан қарағанда аса құнды екенін байқады. Інжір ондаған аурумен күресуге, олардың алдын алуға септігі тиеді. Қазіргі заманауи медицина да Ибн Синаның тұжырымын растайды. Әсіресе жөтелге қарсы және іш өткізгіш дәрі ретінде жақсы қолданылады.
Інжір мидың қызметін күшейтетін триптофанға бай. Тек ол ғана емес, жүйке жүйесі нашарлағанда және күйзелістен арылуға көмектеседі, ұйқыны қалыпқа келтіреді, депрессиядан тез шығып, түрлі жағдайды бірқалыпты қабылдауға сеп болады, көңіл күйді жақсартады. Басқа да А, В, С, РР секілді дәрумендерге, микроэлементтерге, ақуыз бен көмірсуға бай. Әсіресе құрамында калий мен темір көп, ол қаназдықты емдеуге, жүрек пен қан тамырлары жұмысын жақсартуға қолданылады. Етті інжірде 1%, кепкен інжірде 6% ақуыз бар, сол себепті бұл тағамды вегетариандар да сүйіп жейді.
Біздің заманымыздан бұрынғы 372 жылы дүниеге келіп, «ботаниканың атасы» ретінде танылған Теофраст інжірдің жүздеген сортын сипаттаған. Әрқайсысының жемісі өзіне тән өзгеше дәм беретін түрлі сорттағы ағаштардың әрқайсысы әртүрлі аталған. Жемісі ашық жасылдан бастап қою күлгінге дейін түрлі түсте кездеседі, бірақ барлығында ішіндегі жұмсағы лағыл қызыл түсті, майда тұқымы көп болады.
Інжір ағашы ұзақ жасайтын өсімдікке жатады, 300-400 жыл бойы өнім береді. Оны гүл құмырасында өсіруге болады, тек мұздап қалмауы керек.
Інжірді қант диабетімен және құянмен (тұз байлану) ауыратын адамдар, ас қорыту жүйесі бұзылған жандар қолданбағаны дұрыс.
Інжірдің сапасы жұмсағының грамына байланысты ішіндегі тұқымы көп болуымен бағаланады. Егер 900-ден көп болса жақсы, ал 500-ден аз болса өнім сапасы жақсы деуге келмейді. Бәрінен де Самарқан інжірі ең дәмді саналады.
Мысыр патшайымы Клеопатра да бұл жемісті сүйіп жеген әрі ол күш пен сұлулық береді деп сенген.
Адамдар арасында інжірді жатын бөлмесіне қойса, бақытты отбасы боласың, ал кеңсеге қойсаң, қызметте жетістікке жетесің деген сенім бар. Неге байқап көрмеске?
@. @assel_assanova