Қазақ жұртына шай қалай келді?

Қазақ жұртына шай қалай келді?
Фото: www.zastavki.com

Сайтымызда бірнеше күн бұрын әлемдегі ең шайқор мемлекеттер аталған материал жарияланған еді. Екі ауруының бірі шай ішкенде жазылатын қазақ халқы ол тізімнен табылмауы кей оқырмандарымызды таңдандырмай қоймады. Оның ешқандай құпиясы жоқ. Мұны атақты профессор, академик, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Бауыржан Омарұлының мына жазбасымен түсіндірсек болғандай.

Әбубәкір Кердерінің бір өлеңінде "Сары азамат, Сардар би, Сары сулар ас болды", – деген тіркес бар. Мұның бәрі қазақ жұртының шайдың келуін тосын құбылыс ретінде қабылдағанын білдіреді. Ата-бабаның дәстүрінде болмаған нәрсенің елді таңырқатқаны рас. Солай болатын жөні де бар еді.

Кофенің отаны – Африка, какаоның шыққан жері – Америка болса, шайды алғаш өндірген жер – Қытай. Шай арқылы дүниежүзілік бизнестің тұтқасын ұстаған Шың елі ХІХ ғасырдың ортасына дейін өнімі өндірудің құпиясын жан баласына білдірмеген.

Оңтүстік-қытайлықтардың диалектісімен Батыс Еуропада "Ти" деп аталған, сл солтүстік-қытайлықтардың "ча-е" деген диалектісімен Шығыс Еуропада "шай" деп аталған сусын Ресейге XVIII-XIX ғасырларда келген. Шай тиеген қытай керуені бұл жерге жарты жыл жүріп әзер жеткен. Сондықтан қазақ ішіне самаурын мен шайдың келуі отаршылдықпен ілесе жеткен құбылыс ретінде қабылданған. Дүние жүзі бойынша шайды көп ішетін елдің біріне айналған Ресейдің жаңа дәстүрі Қазақстанды да қамтымай қоймайтыны бесенеден белгілі. Әбубәкір Кердері (1861-1903) жаңалықты жатсынғандықтың жарқын үлгісі ретінде әр түрлі оқулықтарға тықпаланып келген:

Тар шалбар, бешпент шықты қынамалы,
Жігітке шапан киген ұнамады.
Сары жез самауыры тағы шықты
Машина шүмегі бар бұрамалы.
Төсектен ерте тұрып бас ауырса
Бөтен ем шайдан басқа сұрамады.
Сол болды аурудың жаққан емі,
Халықтың бәрекелді тапқан емі, –
деген өлеңі сол тұста шығарылса керек.

@. @assel_assanova