Әбубәкір Кердері шығармашылығы

Әбубәкір Кердері шығармашылығы
Фото: canada-downloads.weebly.com

Әбубәкір Кердері қазіргі Ақтөбе облысында туып-өскен. Орынбор, Троицкі жақтарында мектеп, медресе бітірген. Орал, Атырау, Ақтөбе, Орынбор, Орскі жағында әр жерде молда боп қызмет істеген, бала оқытқан. Оның өлеңдері "Әдебиет қазақия" деген атпен екі жинақ болып басылады. Бірінші жинағы 1903 жылы, екінші жинағы 1905 жылы жарық көреді. Барлығы, ірілі-уақты, қырық шақты өлең, жыр, толғау.

Әбубәкір өлеңдерінің негізгі тақырыптары: заман жайы, қазақ халқының бұрынғы, ақын тұсындағы хал-жайы, халыққа, замандастарына, кейбір жеке адамдарға уағыз, кеңес, оқу, ғылым, өнер, дін, мінез, қылық, өз ахуалы болып келеді. Бәрі де сол кездегі ақындар көп жырлаған мәселелер. Соларды Әбубәкір өзінше жырлайды. 

Бірақ Әбубәкірдің ой-пікірі, бағыт, көзқарасы толқымалы, біріне-бірі қарама-қарсы, шытырман қайшылықты. Ол өзі сөз еткен тақырыптарының кейбірінде біресе былай, біресе олай деп, бір-біріне қайшы екі түрлі ой түйеді. Мысалы, өз заманын, қазақ халқының өз тұсындағы хал жайын сөз еткенде, ақын оны біресе мақтайды. 

Бағынған бұл патшаға әуел бастан,
Әділдік табылар деп артын ойлап.
Кіріпті Әбілқайыр заманында,
Кеңдік бар деп осының ғаламында. 

Ойлағандай болды, патша өкіметі қазақ халқына кеңдік берді, қазір қазақтың елін, жерін қазақтың биі, болыстары, тілмаштары билеп тұр. Патша өкіметі қазақтарға арнап, мектеп, медресе ашты. Қазақ балаларының оқып, білім алуына, ғылым, өнер үйренуіне жағдай жасады. Қазақ соны пайдаланып, дәулетті, мәдениетті болып отыр дейді. 

Ал басқа бір өлеңінде Әбубәкір осының бәрін жоққа шығарады. Қазір заман бұзылды, бұл заманның адамығ заңы, дәстүрі бұзылды, қазақтың жері тарылды, дәулеті сарқылды, - деп жырлайды. Оған мына төмендегі өлең жолдары дәлел бола алады:

Заманым өтті, ел азды,
Ел ішінде ер азды.
Айдын-айдын сулардың,
Балығы кетіп, көл азды.
Ойпаң-ойпаң жерлердің,
Оты кетіп, жер азды...
Еділ, Жайық екі су,
Ел қонуға тар болды.
Қарағай, қайың, тал, терек,
Тамыр түбі таусылып, 
Қамшы сапқа зар болды.
Заманның түбін барлаймын,
Жақсылардың күні жоқ,
Бұрынғының бірі жоқ,
Осыларды жоқтап зарлаймын, - дейді.

Алайда Әбубәкір Кердері өлеңдерінде жаңалықты, өнер, ғылымды мақтауы басым. Олар көбіне уағыз, ақыл-кеңес ретінде айтылады. Ол бірді-екілі өлеңінде бауырмалдықты, достықты жыр етеді. Мысалы, "Әбубәкір молданың ноғай халқына насихат қылып айтқаны" деген толғауында қазақ, ноғай, өзбек, қарақалпақ, түрікпен - бәрі туыс, бауырлас халық дегенді айтады. 

Әбубәкірдің өзі жайлы, қазақ арасындағы оқу жайлы өлең-жырлары мәнді де мағыналы. Сондықтан Әбубәкір өлеңдері халық арасына кеңінен тараған. 

Ж. Исакаев