- Негізгі бет
- Ол кім? Бұл не?
- Массагет энциклопедиясы. Лао...
Массагет энциклопедиясы. Лао Цзы
«Бес түрлі түс көздің көруін әлсіретеді, бес түрлі дыбыс естуді бәсеңдетеді, бес түрлі дәм сезгіштік қасиеттен айырады. Бұл жерде: бес түрлі түс – сары, қызыл, көк, ақ, қара; бес түрлі дыбыс – қытай әуенінің бес түрлі құбылуы, бес түрлі дәм – тәтті, қышқыл, ащы, өткір, тұзды». Бұл жерде ғалым сән-салтанатқа қызықпауға, ұстамдылық пен салмақтылықты бойға сіңіруге үгіттейді.
«Қымбат бұйымдар адамды қылмыс жасауға итермелейді». Ол бұл өсиетімен соңғысынан (қылмыс) бас тартып, алдыңғысынан (қымбат бұйым) тыйылуды айтқысы келген.
Бұл даналықтарды қытайдың даосизм ілімінің негізін салушы, қытай ойшылы Лао Цзы айтқан. «Лао Цзы» қытай тілінен аударылғанда «қарт ұстаз» не «қарт сәби» деген мағынаны білдіреді. Аңыз бойынша анасы Лао Цзыді 72 жыл құрсағында көтерген. Ал сәби Лао Цзы ақ шашымен қарт қалпында дүниеге келген. Ол туралы барлық ақпаратты жеткізген б.з.д ІІ ғасырда өмір сүрген қытай тарихының атасы Сыма Цянь. Лао Цзы артына із қалдырмай өмір сүргенді қаласа да, тарих бетінде осы тарихшының арқасында алтын әріппен жазылған. Лао Цзы атын бірнеше мәрте өзгерткен және адам көзіне түспей өмір сүрген.
Лао Цзы б.з.д 604 жылы дүниеге келген және оған Ли тегі берілген. Егер Сыма Цяньнің дерегіне сенсек, Лао Цзы ұзын бойлы, әдемі қабақты, кең маңдайлы, ұзын құлақты, сирек әрі қисық тісті, сары адам болған. Чжоу әулеті үстемдік құрған кезде Лао Цзы сарай тарихшысы әрі кітапхана архивінің қорғаушысы қызметін атқарады. Көне жазбаларды көп оқыған ол өзіндік пікір қалыптастырып, даосизм ілімінін құрастырады.
Даосизм – жол деген мағынаны білдіреді, ғалымның айтуы бойынша өмір тоқтаусыз ағатын ағын секілді дейді. Ол тыныш бөлмеде бір өзі қалып, өз ойымен күресуді үйренген, яғни, ештеңе ойламай, санасының тынығуын қадағалаған. Ештеңенің көмегінсіз-ақ ай мен күннің орналасуын, ағаштар мен жан-жануарлардың қозғалысын біліп отырған.
Лао Цзы және оның таңғажайып қабілеті туралы Қытай даласына тарала бастайды. Б.з.д. 570 жылы оған ұлы ойшыл Конфуций кеңес сұрап келеді. Бірақ Лао Цзы оған көз қиығын да салмайды. Оның бұл қылығына ренжіген Конфуций «Бұл не деген ұстаз? Ақыл сұрай келгенде мұныңыз не?» дейді. Лао Цзы бұрылып «Отырғың келсе, отыр, тұрғың келе ме, тұр. Саған кеңес берер мен емес, өз өмірің – өзің сүр» деген екен. Конфуций одан бұрынғы қолбасышыларды, ғылым-ілімдер туралы сұрай бастайды. Лао Цзы «Адам – адам, ағаш – ағаш. Олардың өмірін ешкім өлшеп кеспейді, сен айтқан адамдар кезінде өмірден өтіп кеткен, олардың сөздері ғана сақталған» деп күледі. Ойшылдың бұл жауабына таңғалған Конфуций өз шәкірттеріне «Көз алдарыңа желге қарсы ұшып бара жатқан айдаһарды елестетіңдерші. Ол жерге қарсы ұшып жүріп, көкке еркін көтеріле алады, міне, Лао Цзыдің білімі де сондай, еркіндікті білген адам ғана өрге шығады» деп, ойшылдың ойын түсіндіріпті.
Қарттық шаққа таянған Лао Цзы ұзақ уақыт мекен еткен Чжоу сарайынан кетпек болады. Бірақ, ойшылдың шекарадан өтіп бара жатқанын көрген сақшылар оның елде қалуын өтінеді. «Қытайдың тарихын өзіңмен алып бара жатырсың ғой, өтінемін, өз ойыңды маған жазып тастап кетші» деп жалынады. Лао Цзы даосизмнің негізгі сырын кітап қып жазып, елден бір-ақ кетеді. Міне, сол сақшылардың үндеуімен «Дао Дэ Цзин» («Жолдар және оның берекесі») атты еңбек жазылады. Көлемі аса үлкен емес, бар болғаны 5000 иероглиф. Бірақ, өмірдің заңдылығы, еркіндік әрі ғылым қуу туралы өсиеттер молынан жазылған.
Лао Цзыдің Чжоу патшалығын тастап, қай бағытқа бет алғанын ешкім білмейді. Кейбір деректерде ғалымның тауда екі жүз мың жыл тақуалық өмір сүргені жазылған. Ал кейбір жазбаларда Үндістанға жол тартып, сол жақта будда дінінің тууына себепші болған деген деректер бар. Сол жақта біраз өмір сүріп, бұғының үстіне мініп, қар басқан Гималайға барып, өмірінің соңғы шақтарын сонда өткізді делінген. Содан кейін оны ешкім көрмеген.
Уақыт өте келе Лао Цзыдің ілімін жалғастырушылар бұл ілімді дамыта түседі. Тек философиялық тұрғыда емес, өз-өзін қорғау мақсатында да бұл ілімнің маңызы зор екенін дәлелдеген. Ілімде күрес кезінде тек қана күш емес, ғаламның энергиясын сезіну қажет деген екен.
Г. Берік