Массагет энциклопедиясы. Архимед

Массагет энциклопедиясы. Архимед
Фото: filocart.narod.ru, biograpedia.ru

Жау қаланың ішіне басып кірген болатын. Топыраққа сызбалар сызып, қалың ойдың үстінде отырған ол қала ішіндегі жағдайдан бейхабар еді. Осы кезде Рим жауынгер оның сызбаларының үстінен басып өте шығады. Ашуға булыққан ол әлгі жауынгерге: «Менің жазбаларыма тиіспе!» деп айқайлайды. Бұл – оның соңғы сызбасы еді. Бұл сызба ол үшін өмірінен де қымбат еді.

Бұл сызбалар жаңалықтың бастауы не жаңа инженерлік жобаның үлгісі болар ма еді? Ол адамзат тарихындағы үлкен жұмбақ болып қала береді. Жау кемесін айнамен қалай өртегені, көп саннан квадраттық түбірді қалай тапқаны секілді бұл да үлкен құпияға айналды.

Архимед б.з.д 287 жылы Сицилия аралындағы Сиракуза қаласында дүниеге келген. Ол Сиракузаның сол тұстағы патшасы Гиеронның туысы болған. Жас кезінде Архимед көп елді аралап, көптеген зерттеушімен танысқан. Және ізденімпаздығының арқасында Александрия ғибадатханасының мол мұрасымен таныс болған. Ұзақ саяхаттан кейін Архимед еліне танымал ғалым болып оралған. Оның ғылымға берілгендігі соншалық, тамақ ішуді, өз-өзіне күтім жасауды да ұмытқан екен. Плутарх өз жазбаларына Архимедтің жуынбайтынын, тіпті, оны жуындырып, денесіне майды күштеп жаққызатынын жазған. Денесіне жағылған майдың үстіне Архимед неше түрлі сызбалар сызып, ұзақ ойланып отыратынын да айтқан екен.

Бірде Сиракуза патшасы оған бір тапсырма берген екен. Патша басындағы тәждің таза алтыннан жасалғанын не зергердің алтынның жартысын қолаға алмастырғанын білгісі келіпті. Гиерон патша тәжді тексеруді Архимедке тапсырған екен. Тәждің қалыбы өте ерекше еді. Архимедке, ең алдымен, оның көлемін білу керек болған. Осы тапсырма жайлы он ойланып, жүз толғанып суға түседі. Архимед осы кезде судың жартысының төгілгенін және денесінің жеңілдей түскенін байқаған. Өзі таңғалып, киім-кешегін ұмытып, көшеге «Эврика!» деп айқайлап жүгіріп шыққан. Суға не сұйықтыққа батырылған денеге, көлемі сол дененің көлеміндей сұйықтың салмағына тең әрі одан әрқашан да жоғары қарай бағытталған кері итеруші күш әсер ететіндігін осы тәжірибемен анықтаған Архимед өз есімімен гидростатика заңын ашқан.

Архимед қарапайым тапсырмаларды да оңай шешудің жолын іздеген. Бірде Архимед Сиракуза патшасына ауыр заттарды күш жұмсамай-ақ орнынан қозғауға болатынын айтып, хат жазған. «Маған тіреу нүктесін берсеңдер, Жерді де қозғай аламын» деген екен. Гиерон патша Архимедтің бұл сөзін дәлелдеуді талап еткен. Архимед арқан жіптің бір ұшын кемеге байлап, бір ұшын тіреуішке орап, құрлықта тұрған кемені орнынан қозғапты. Бұған таңғалған Гиерон Архимедке елді жаудан қорғау үшін әскери көлік, құрылғылар жасауды тапсырған.

Архимедтің қырықтан аса тың бастамасы болған екен. Олардың біразы біздің заманымызға дейін сақталмаған. Осы күнгі жеткен өнертабысы ретінде мына мысалды келтірсек болады: тереңде жатқан суды алуға мүмкіндік берген «Архимед қалағы» бүгінгі таңда егістікті суару үшін қолданылып келеді.

Дегенмен, Архимед зерттеулерінің арасында геометриялық еңбектерін жемісті жетістігі деп санаған. Ол түрлі фигуралардың ауданын табудағы формулаларды ойлап тапқан. Тіпті көпқырлы фигуралардың атауын беріп, олардың ауданын, көлемін табу үшін формула құрастырған. Және ең алғаш рет ∏ санын есептеп шығарған.

Архимед өзінің қабіріне көлемінің қатынасы 3:2 болатындай цилиндр ішіндегі шарды қашап жазуды тапсырған екен. Бұл фигураны ғалым ғылымда ашқан ең ұлы жаңалығы ретінде таныған.

Тырнаның аяғындай үлкен құрылғылар жаудың алып кемелерін тұмсықтарынын ұстап, сындырып жатты

Б.з.д. 214 жылы Екінші Пуни шайқасы кезінде Рим қолбасшы Марцель Сиракузаға келген. Ол бұл қаланы оңай басып аламын деп ойлаған болуы керек. Бірақ ойлағаны жүзеге аспаған. Плутархтың Сиракуза қамалы туралы жазған еңбегінде осы оқиға былай баяндалған: «Сиракузалықтар бұл басқыншылық астында қаламыз деп ойлады. Себебі Рим жауынгерлері құрлықтан да, теңіз беттен де төніп келе жатты. Дегенмен, Архимед өзінің ірі машинасын «іске қосады». Римнің жаяу әскері Архимедтің машинасы лақтырған үлкен тастардың астында қалды. Сонымен қатар, тырнаның аяғындай үлкен құрылғылар жаудың алып кемелерін тұмсықтарынан ұстап, сындырып жатты. Ал әйелдер қола айнаны күн көзіне шағылыстырып, римдіктердің кемесін өртеді».

Ал әйелдер қола айнаны күн көзіне шағылыстырып, римдіктердің кемесін өртеді

Осындай тапқырлықпен сиракузалықтар римдіктерге төтеп беріп отырған. Бірақ б.з.д. 212 жылы әйел құдай Артемиданың құрметіне өткізілген мерекеде сиракузалықтар арқасын кеңге салған екен. Бұны пайдаланған римдіктер қалаға басып кірген. Рим жауынгері ой үстінде отырған Архимедті жазым еткен. Бұл қаза Рим қолбасшысы Марцельге ауыр тиген. Себебі, ол Архимедтен үлкен үміт күтіп, Римге қызмет еткізуді ойлаған екен.

Арада 136 жыл өткен соң, Римнің әйгілі шешені, саясаткер Цицерон Архимедтің денесін іздеткен. Мүрдені тапқан соң, Архимедтің қабіріне өзі айтқандай көлемінің қатынасы 3:2 болатындай цилиндр ішіндегі шарды қашап жаздырған. 

Г. Берік