Нью-Йорк такси қызметі туралы қызықты деректер

Бүгінде үлкен мегаполистердің негізгі әрі ұтымды транспорттық жүйесі метро болса да, такси қызметі шетте қалар емес. Көптеген алып қалаларда жыл сайын такси саны артып келеді. Нью-Йорк — 18 миллион халқы бар осындай мегаполистердің бірі. Назарларыңызға Нью-Йорк таксилері туралы қызықты деректерді ұсынамыз.

- Нью-Йорктің басты көшелерінде бір уақытта 13 мыңға жуық такси көлігі қозғалады. Олар күніне 600 мың жолаушы тасымалдайды.

- Қаланың статистикалық агенттігі Нью-Йорк таксистері әлемнің 175 елінен келгенін айтады. Ал америкалықтар оның 6%-ын ғана еншілейді. Дегенмен америкалықтар такси бизнесін иемденушілердің басым бөлігін құрайды.

- 1907 жылы «New York Taxicab Compani» компаниясы Франциядан 600 көлік сатып алып, қаладағы алғашқы такси қызметін іске қосады.

- Такси көліктері сары түске боялған. Беделді транспорттық компанияның басшысы Джон Хирц арнайы қоғамдық сараптама жасап, сары түстің көзге қонымды екенін анықтаған.

- Ford Crown Victoria – Нью-Йорктегі ең беделді такси компаниясы.

- Жыл сайын таксистер құрамының төрттен бірі жаңартылады.

- Таксиді ең қауіпті қызмет түріне жатқызады. Айта кетелік, 1963 жылы такси жүргізушілеріне 300 шабуыл тіркелген болса, 1973 жылы бұл көрсеткіш 3000-ға жеткен. Сосын такси қызметін ұсынатын компаниялар көлік жүргізушісі мен жолаушы арасын темірмен оқшаулауды жөн көрген.

- Заң бойынша такси қызметкері бір күнде 12 сағаттан артық жұмыс істемеуі тиіс. Сондықтан бір көлікті бірнеше адам кезекпен жүргізеді.