Әлемдегі ең ақылды ит 100 сөз біледі

Әлемдегі ең ақылды ит 100 сөз біледі

Спартанбургтегі (Cолтүстік Каролина) Уоффорд колледжінің екі психологы  профессор Рейд және доктор Пилли иттердің ең ақылды тұқымы бордер-коллидің қанша сөзді есте сақтай алатынын анықтауға тырысыпты.

«Біз адамның сөздерін жақсы түсіне алатын бордер-колли итінің қабілеті туралы гипотезаны тексергіміз келді», – дейді Пилли.

Үш жылға созылған тәжірибе нәтижесін АҚШ-тың «Фокс ньюс» телеарнасы хабарлады. Белгілі уақыт бойы ғалымдар итке заттарды атауына қарай іздеп табуды үйреткен. Нақтырақ айтқанда, бұл заттар ойыншықтар болған. Рейд пен Пиллидің айтуынша, олар арнайы әдістерді қолданған. Айта кетсек, олар Чейсер лақаб атына ие итке алдымен бір затты таныстырған. Сосын бірнеше ай өткеннен кейін екінші бір затты атымен таныстырған. Осылай ерінбей ғалымдар итке 1022 түрлі ойыншықты жаттап алуға көмектесіпті.

Соңғы тексеру барысында ойыншықтар ішінен 100-і таңдалып алынып, олардың атауын айтып, алып келуін итке бұйырады. Ғалымдар үш жыл бойы осы секілді 800 бақылау жұмыстарын жасапты.

Психологтардың айтуынша, ақылды Чейсер одан бөлек бірнеше етістіктер мен күрделі логикалық бұйрықтарды жаттап алған. Сондай-ақ, ол заттарды көлеміне қарай ажырата алатын болыпты. 

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: lifeglobe.net

Ж. Өрісбай