Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық
Фото: vk.com

Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық

Бір күні Абайдың үйінде көп кісі түстеніп отырса, қара Қазыбек дейтін өсекші, қыдырмашы кіріп келіпті. 
Ол есіктен кіре сәлем беріп: 
– Е, Құдай айдап, бұйырған тағамға кез келгенімді қарашы, – деп қолын жумастан табаққа қарай ентелеп келе жатса, Абай зілді үнмен: 
- Қайда барасың өңмеңдеп, отыр сол жерге, – депті. 

Қазыбек не дерін білмей сылқ етіп отыра кетіпті. Абай Қазыбекті қайырып тастаған соң бір сөз айтпастан, қонақтарымен етті жей беріпті. Ет артынан шай ішіліпті. Қазыбекті шайға да шақырмапты. Тамақ ішіп болысымен жұрттың бәрі шығып бара жатқанда Қазыбек те кете бермек болып түрегелгенде, Абай «отыр» деп ишара жасапты. Қазыбек қайыра отырыпты. 

Сонда Абай: 
- Сен өзің өсек жинайсың, біреудің дауын сатып алып, айтысқа түсесің. Осының бәрі бір Құдайдың бұйрығы ма? – дегенде Қазыбек ештеңе деп үндей алмапты. "Ал сен жаңа «Құдай айдап, бұйырған тағамға тап келдім-ау» деп едің. Бұйырды ма сол тағам, жоқ па? – деген сұрағына Қазыбек: 
- Бұйырмады, – депті. 
Абай: 
- Ол солай. Сен ас үшін арыңды сатып, бұйырмаған астан ішемін дедің. Оны бұйырып тұр дедің. Кәне, бұйырғаны. Онан да «қаңғырып жүріп ас үстіне кез болдым-ау» деп неге айтпадың? Жейтін тамағыңды шыныңды айтып жесең нең кетеді, – деп ұрсыпты. 

Сонда Қазыбек отырып: 
- Абай, қазақтың бір ырым салты бар-тын. Үлкенін сыйлаушы еді, тым болмағанда сақалымды сыйласаң етті, – депті. 

Сонда Абай: 
- Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық. Сенің үлкендігің мен сақалыңның қадірлі екендігі рас. Бірақ соның қадірін өзің кетіріп жүрсің ғой. Өзің сыйламаған сақалды жұрт не қылсын? – деп жауап қатқан екен жарықтық!

А. Оралқызы