Чеховтың қанатты сөздері

Оқырмандарға 19 ғасырдың ұлы тұлғасы, жазушы, драматург, 40 жылдық өмірінде орыс халқының мақтанышына айналып үлгерген Антон Павлович Чехов айтқан қанатты сөздерді ұсынамыз. Қабыл алыңыздар.

Өнер мен мәдениеттің дәмін көріп, рахатын сезіне алған адамға бұдан артық байлық керек емес. Халыққа жаны ашымаған адам өлікпен тең.
Кез келген көркем туынды белгілі бір ойды жеткізу мақсатында жасалуы тиіс.  Адал еңбек етпей, қуаныш пен шаттықтың тәтті дәмін сезіну қиын. Өнері жоқ адамды дарынсыз деуге болмайды. Бойындағы өнерін мақтан үшін пайдаланатын адамды дарынсыз деу керек. Әсіре көркемделген сөзден гөрі, қарапайым тілмен айтылған нәрсе сіңімдірек болады. Отбасылық өмірдің басты біріктірушісі - махаббат. Адам баласы барлық жағынан әдемі болуға талпынуы керек. Келбеті де, киімі де, жаны да, ойы да таза әрі әдемі адам кез келгенді еліктіртіп тұрады. Арақ ақ болғанымен, арға дақ түсіреді. Тәрбие көрген адам бөтенді сыйлап, құрмет тұтып тұрар. Бұндай азаматтар жұмсақ әрі сыпай болар. Жанашыр адамдарың бар болса, қиын сырқаттың өзін ауырсынбауға болады. Ұжданы бар адам иттен де ұялады. Жеке тәжірибеден артық мектеп жоқ. Көзбен көріп, қолмен ұстап көргенге не жетсін?! Жеке бастың қамы үшін жұмыстанғаннан гөрі, ұрпағың үшін еңбек еткейсің. Өмірден үлес алғың келсе, бөтеннің пікірі мен сөзіне тәуелді болуды қой. Көзсіз сенімнен гөрі, өзің ізденіп, жұмбақтардың жауабын өзің табуға тырыс. Зұлымдық ұсақтықтан туады. Біреуді сүйіп, өзің біреуге сүйкімді болғаннан артық қандай бақыт бар? Өтірік айтуға үйір болу - нашақорлық секілді. Адамның түбіне сол өзінің өтірігі жетеді.

сурет: english.ruvr.ru