ҚР Ұлттық кітапханасында: «Авторлардың қаламақысы қашанғы талан-таражға түсе бермек?!»

ҚР Ұлттық кітапханасында: «Авторлардың қаламақысы қашанғы талан-таражға түсе бермек?!»
Фото: ireg.pro

2017 жылғы 27 шілде сағ. 11.00-де ҚР Ұлттық кітапханасының Н.Дәулетова атындағы залында Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шаханов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан авторлары кеңесінің төрағасы Марал Ысқақбай, «Құрмет» орденінің иегері, композитор Қалдыбек Құрманәлі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Владимир Питерцев, «Құрмет» орденінің иегері, композитор Бейбіт Оралұлы, ҚР еңбек сіңірген әртісі, әнші – композитор Гүлнар Даукенованың қатысуымен «Авторлардың қаламақысы қашанғы талан-таражға түсе бермек?!» атты баспасөз конференциясы өтеді.

Мақсаты: 2009 жылы «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңға 46-1 деген бап енгізіліп, үлкен қателікке жол берілген. Сол қателіктің зардабын бұл күнде отандық авторлар ғана емес бүкіл әлем авторлары тартып отыр.

Авторлық құқық саласындағы дау-дамайдың толастамай, қайта күн өткен сайын өршіп келе жатқанына тоғыз жылдың көлемі болды. Қазіргі таңда елімізде авторлар қаламақысын жинап отырған қоғамдардың саны бұл күнде тоғызға жетті.

ҚР «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңына 2009 жылы енгізілген 46-1 бап Заңның осы талаптарын жоққа шығарып, егер Әділет министрлігінің департаментінен аккредитациядан өткені туралы куәлік алса болды – авторлармен жасалған шарттың бар-жоғына қарамастан, әлгі мекемелерден автор қаламақысын жинай беруге ерік беріп қойған.

Автор туындысын пайдаланатын мекемелермен – концерттік ұйымдармен, театрлармен, теле-радио арналарымен, көңіл көтеру мекемелерімен лицензиялық келісімшартқа отырып, қаламақысын жинап беруге сол ұйым ғана құқылы (44-бап 2-тармақ). Ол міндетті Қоғам тек автордың өзінің рұқсатымен атқаруы керек. Яғни, оған бөтен ешкімнің билігі жүрмеуі тиіс.

Кеш қонақтары: ақын-жазушылар, композиторлар мен зиялы қауым өкілдері, ҚР Ұлттық кітапхана оқырмандары мен БАҚ өкілдері.

@. @assel_assanova