Қазақстан ұшақтарының әуе апаттары

27 желтоқсан күні Алматы-Нұр-Сұлтан бағытында ұшқан Bek Air компаниясының ұшағы сағат 07:05-те ұшып, Алматы маңында апатқа ұшырады. Бортта 95 жолаушы, 5 экипаж мүшесі болған.

Massaget.kz порталы Қазақстан авиациясындағы әуе апаттарын жинақтады.

1996 жыл, ИЛ-76

1996 жылдың күзінде Saudi Arabian Airlines компаниясына тиесілі SVA763 (Boeing) рейсі Делиден Сауд Арабиясына келе жатқан. Бортта 289 жолаушы болған. Ал KZA1907 (ИЛ-76) рейсі Шымкенттен Делиге бара жатқан. Бортында 60 адамы бар KZA1907 "Боингке" қарсы келе жатқандықтан, диспетчер ИЛ-76-ға эшелоды өзгертуге бұйырады. Пилоттар ағылшын тілін нашар білгендіктен "Боингтен" 300 метр алыстаудың орнына SVA763 борты орналасқан эшелонға түсе бастайды. Ұшақтар ақыры 4109 метр биіктікте соқтығысты. Үнді диспетчері жоспарлағандай KZA1907 борты 300 метр биікте емес, "Боингтан" 3 метр төмен ұшқан. Апаттан кейін 6 адам тірі болған, бірақ алғашқы көмек келгенше жан тапсырған. Нәтижесінде апаттан кейін 349 адам қаза болды.

2012 жыл, АН-72

25 желтоқсан күні Астанадан Шымкентке ұшқан АН-72 ұшағы Шымкент әуежайына 20 километр қалғанда апатқа ұшыраған. Ұшақ радардан жергілікті уақыт бойынша сағат 18:55-те жоғалып кеткен. Борттағы барлық 27 адам (7 экипаж мүшесі, 20 жолаушы) қаза болды. Жолаушылардың ішінде ҚР Кеден қызметінің полковник Тұрғанбек Стамбеков, оның орталық аппараттағы офицерлері және "Оңтүстік" кеден қызметінің әскерилері болған.

2013 жыл, Bombardier CRJ-200

SCAT компаниясына тиесілі Bombardier CRJ-200 ұшағы Көкшетау-Алматы авиарейсінде Алматы облысындағы Қызылту елді мекеніне құлады. Борттағы 21 адамның (5 экипаж мүшесі, 16 жолаушы) барлығы қаза болды. Апатқа ауа-райы мен экипаждың қателігі себеп болған.

2015 жыл, АН-2

2015 жылы 20 қаңтарда Жамбыл облысындағы "Шатыркөл" кен орнында АН-2 ұшағы апатқа ұшырады. Бортта "Қазақмыс" компаниясының қызметкерлері болған. Бес адам қаза тауып, бір адам тірі қалған.

2016 жыл, UP-MD 600-N тікұшағы

27 қаңтарда ауа-райына байланысты UP-MD 600-N тікұшағы Алматы облысында құлады. Тікұшақ Үшарал елді мекенінен науқастанған баланы шұғыл облыстық ауруханаға жеткізіп келе жатқан. Апатта пилот, гематолог-дәрігер, фельдшер, 1 жасар науқас пен оның анасы қаза тапты.

2016 жыл, АН-2

2016 жылы 27 маусымда Алматы облысындағы Береке елді мекеніне АН-2 ұшағы апатты жағдайда қонуға мәжбүр болған. Борттағы бір адам қаза болып, бір адам тірі қалған. Ұшақ "Тамшыбұлақ" ЖШС тиесілі болған.

2017 жыл, С-341 тікұшағы

25 ақпан күні кешке Шығыс Қазақстан облысында С-341 тікұшағымен байланыс үзіледі. Тікұшақ 26 ақпан күні Аягөзден 60 километр қашықта табылған. Пилот қаза болған. Борттағы тағы бір адам Айғыз елді мекеніне жеткізілген.

2017 жыл, Тecnam-P 2002

10 тамыз күні Азаматтық авиация академиясына тиесілі Тecnam-P 2002 ұшағы оқу-жаттығу кезінде құлады. Ұшақтағы пилот-конструктор мен курсант қаза болған. Кейін анықталғандай, курсант Айдар Әбішев – Қазақстандағы танымал пилот Мақаш Әбішевтің немересі, ал инструктор Сергей Курченко Қазақстанға Киевтен келген.

2017 жыл, ЯК-12 

28 шілде күні таңертең Жаркент қаласынан 10 километр қашықта "КАЗАВИА" компаниясының ЯК-12 ұшағы құлап, пилот Хамит Ақбергенов, жолаушы Мәсімжан Мәсімов қаза болды.

2017 жыл, МAULE М-7-260С

25 тамызда Алматы облысы Балқаш ауданының территориясына АҚШ өнімі МAULE М-7-260С жеңіл ұшағы құлап, пилот Анатолий Меньшиков қаза болды. Ұшақтағы бір жолаушы біршама жарақат алған.