Қазақтың алғашқы "әліппе" кітаптары

Қазақтың алғашқы "әліппе" кітаптары
Фото: bilimdinews.kz

Ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы түзген тұңғыш «Әліппе» кітабы (Оқу құралы. 1912 жыл) аз жылдың ішінде 12 рет басылып, мыңдаған данамен сайын сахараға таралғанын, жаңа жазу «Қазақ» газеті болып, қыр жайлаған саналы қазақтың құрым үйіне дейін жеткенін, жаңарған қазақ әдеби тілі (кітаби тілдің шапанынан шығып) оқыған азаматтар құрған «Алаш» партиясының тілі мен ділінің жалауына айналғанын атап өткенбіз.

«Әліпті таяқ деп білмейтін» қараңғы қазақтың өзі қолға шындап алса, төтесінен екі-үш айда қара танып, судыратып хат оқып кететінін, қаймана халыққа қолжетімді, демократиялық әліпби болғандықтан да ол руханиятымыздағы революциялық мәні бар феномен құбылыс дегенбіз.

Ахаң бұнымен шектелмей, «Әліппенің» тәпсіріндей бір емес, екі бірдей «Баяншы» кітабын жазды, ол туралы да тарқатып айтар әңгіме баршылық. Бір ойланарымыз – біз атын ғана білетін, бірақ  мынау жалпақ әлемнің қиыр-қиырынан бір данасын да табу мүмкін болмай тұрған «Әліппе астары» атты кезінде тасқа басылған еңбегі болғанды...Мұның бәрі «Ахаңның Әліппе әлемі» тақырыбының бір пұшпағы ғана...

Ахаңның өзі айтпақшы: «Қазақ – жоқшы!». Тарих құмына көмілген, замана өртіне шарпылған мұраларымыз қаншама!.. Шашылған таспихтың тасындай руханиятымыздың қадау-қадау ұстындарының өзін тіктеп тұрғыза алмай, тізбектеп жинастыра алмай жатқан жағдайымыз бар. Осы жоқтарды іздеген жанның алдынан жамырап сандаған сауал-сұрақ шығады:

– Қазақ қазақ болғалы алғашқы мектебі//медресесі қашан, қай жерде ашылып еді?

– Онда дәріс оқыған ұстаздары мен тіл сындырған шәкірттері кімдер еді?

– Олар қандай оқу құралдарын пайдаланды? Олардың аты мен заты, тілі мен түсі қандай-тұғын?

– Оқу кітабының тасқа басылғаны болсын, қолжазба түрінде таралғаны болсын, дала-қырға қаншалықты кең таралды, көпке танымал болды?..

«Біссіміллә» деп сөзімізді бастарда ғылым сапарымыздағы көзге түскен, қолмен ұстаған кейбір «Әліппе» кітаптарын атап өтелік. Олардың өзі қазақша (төл) «Әліппе», қазақ пен орысқа ортақ «Әліппе» һәм қазаққа арналған орыс «Азбукалары» мен «Букварьлары» болып тарамдалып келеді. Бәрін бірдей бір тұста үстемелетпей, тек қазақшасына (мұқабасына жазылған) үңілсек, бізге белгілі «Әліппелер» мыналар:

– Жазуға үйрететін Кенеге. Қазан, 1894.

– Қазақ Әліппесі. Жазған Зәкария бин Ерғали әл-Ахмеди и-Бәкеуи. Қазан, 1910.

– Усул сотие тәртібінде қазақша Әліппе. Жазушы Мұхамед Ораз бин Нұрбай Қызылжари.Уфа, 1910.

– И.Арабаев И., Сәрсекеев Х. Әліфбе йәки төте оқу. Уфа, 1911.

– Аңдамасов Ж. Қазақша ең жаңа Әліппе. Уфа, 1912.

– Малдыбаев М.Қазақша ең жаңа Әліппе. Қазан, 1912.

–Қазақ баларына жәрдем. Қазақша Әліппе сабағы. Тәртіп етуші Кенжеғали бин Ғабдулла бин Серғали әл-Әлимбети. Қазан, 1913.

Әрине, білгеніміз бір тоғыз, білмейтініміз тоқсан тоғыз. Болашақ тың зерттеулерде бұл тізім-тізбек ұзара түсіп, небір соңғы мәлімет-деректер қазанымызға олжаланары сөзсіз.

Ғарифолла Әнес, профессор

Қ. Слямбек