Ғалымдар Таяу Шығыстан көне жазудың түрін тапты

Археолог ғалымдар Израиль елінде қазба жұмыстарын жүргізіп жатып, біздің заманымызға дейінгі XV ғасырға жататын құман тапты. Құманның құндылығы сыртында жазылған қарпінде. Зерттеу нәтижесін Antiquity журналы жариялады.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл жазу – көне Мысыр әліпбиінің Таяу Шығыста тараған, қазіргі еуропа тілдерінің алфавитіне негіз болған фонетикалық әліпбидің арасындағы дәнекер. Яғни, екі өркениетті жалғастырушы, байланыстырушы белгі.

Мысырдағы ең көне жазу біздің заманымызға дейінгі ХІХ ғасырда пайда болса, Таяу Шығыстағы жазу б.з.д. ХІІІ ғасырда пайда болған. Алайда ғалымдар осы екі аралықты, яғни, 6 ғасырды байланыстыратын қандай да бір дерек пен мәліметті таппай, жазба кезеңінің ізін суытып алған еді.

Ал бұл археологиялық олжа көне жазудың қайда пайда болып, қалай тарағанын көрсете алар жәдігер болмақ. Аустралия мен израиль ғалымдары бұл құманды 2018 жылы Тель-Лахиш елдімекенін тапқан. Керамикалық ыдыстың сыртындағы жазу осыдан 3450 жыл бұрын таңбаланған.

"Бұл артефакт Оңтүстік Левант жазуының әзірше ең көне жәдігері", - дейді ғалымдар.

Ғалымдар құмандағы жазудың көне мысыр әліпбиіне ұқсас екенін айтады. Соған қарағанда Таяу Шығыста пайда болған әліпбидің бәрі Мысырдан тарағанға ұқсайды. Левант пен мысыр арасындағы мәдени байланыс екінші мыңжылдықта тереңдей түскен.

Ал Левант халқы мен финикия жұртының жазба мәдениеті гректерге өтіп, одан әрі рим өркениетіне сіңіскен. Грек және латын жазуы қазір Еуропа тілдерінің негізі болып отыр.

 Бірақ ғалымдар әзірше құманның сыртында қандай сөз жазылғанын аша алмады. Өйткені жазудың бір бөлігі көрінбейді.