Талғат Бигелдинов 92 жасқа толды

Талғат Бигелдинов 92 жасқа толды

Бүгін авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, «Барыс» орденінің иегері Талғат Жақыпбекұлы Бигелдиновтің туған күні.

"Ұшқыш болсам деген өрекпіген көңілмен Бішкектегі ДОСААФ авиамектебіне түсіп, «У-2» деген ұшақпен ұшуды үйрендім" дейді аты аңызға айналған батыр. Аэроклубта тамаша тәжірибеден өтіп, ұстаздарының оң көзіне түскен талапты жігіт Талғатты 1940 жылы Саратов әскери-авиация мектебіне оқуға жібереді. Ондағы қатаң сұрыптаудан жанарының оты бар жігіт аман-есен өтеді. Саратовтағы ұшқыштар мектебінде екі жыл оқып, сержант шенімен бітіріп, одан соң Чкаловтағы бомбалаушы ұшқыштар мектебін аяқтайды.

Сұрапыл соғыс біреудің арман қанатын қиып түссе, Талғат секілді ұшқыш болып, туған жердің керегіне жарасам деп армандаған жандардың өз-өзін сынайтын уақытын жақындатып-ақ жіберді ғой. Ел басына күн туған 1943 жылдың қаңтар айында Т.Бигелдинов 144-гвардиялық авиация полкіне қабылданады. Қанды соғыс кезінде Талғат Бигелдиновтің жүрек жұтқан батыр болғандығын айғақтайтын әрекеттері көп болды. Мәселен, жанындағы  достарынан айырылып, жалғыз қалған ұшқыш  өзінің ізіне түсіп, пулеметтен оқ жаудырып келе жатқан аса тез ұшатын жау ұшағына өзінің штурмовигін шұғыл бұрып алып, өзін оқ астына алған. Неміс ұшқышы оқыстан болған бұл әрекетті мүлдем күтпеген болатын, сондықтан да лезде отқа оранып, жерге құлаған.

Аспан көгінде ойнақтаған кешегі сержант капитан дәрежесіне дейін көтеріліп, «ИЛ-дер» эскадрильясын басқарды. Кеңес Одағының Батыры Т.Бигелдинов басқарған бұл эскадрилья Харьков түбінде, Днепр өзенінен өтерде, Львов операциясы кезінде неміс басқыншыларына жойқын соққы беріп, Одер және Нидте асқан ерлікпен Берлинге шығар жолдарды ашты. Батыр Берлин төбесімен өте төмен ұшып, картаға жау әскерінің шоғырлануын түсіріп алады, бомба тиеп алып, гитлершілерді тұншықтыруға аттанып бара жатады. Осындай ерен ерліктері үшін 1945 жылы 26 қазанда Т.Бигелдиновке екінші рет Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Талғат Бигелдинов өзінің алғашқы ордені туралы

Жалпы 305 рет арнайы тапсырмамен көкке ұшып, жаудың 7 атақты жойғышын атып құлатқан. Соғыстың соңына дейін фронтта болып, Берлинді алуға қатысады. Қызыл алаңдағы Ұлы Жеңістің шеруіне қатысып, нағыз қазақтың батыры атанады. «Талғат Бигелдинов секілді кісілерге, отансүйгіштік сезіміне әуестеніп біз өсеміз. Батырлардың алар орны бөлек. Олардың ерен еңбегі, батырлығы мәңгі көкейімізде жүруі тиіс», – дейді ауған соғысының ардагері, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев.

Егемен елінің де марапаттарынан кенде емес. “Отан”, І дәрежелі Даңқ ордендерімен мерейленуі соның айғағы. Ақтөбе Жоғары азаматтық авиация ұшқыштар институты мен Қарағанды  республикалық авиациялық училищесіне екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің есімі берілген.

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: www.astana-akshamy.kz

Ж. Өрісбай