Алаш руханиятының шежіресі #3

Алаш руханиятының шежіресі #1

Алаш руханиятының шежіресі #2

1924 жыл

Орынборда қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі өтті. Съезде жазу ережелері, әліпби, термин сөздер, оқу бағдарламалары, оқу кітаптарын дайындау, мұғалімдер даярлау мәселелері қарастырылды. Съезге Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Х.Досмұхамедұлы, М.Дулатов, Н.Төреқұлұлы, Е.Омарұлы, Т.Шонанұлы, М.Тұрғанбайұлы, М.Саматұлы сияқты Алаш зиялылары қатысты. Негізгі баяндамаларды А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлы, Н.Төреқұлұлы жасады. Бұл съез қазақ тілінің жазу ережелерін жетілдірудегі, терминологияны қалыптастырудағы маңызды қадам болды.

А.Байтұрсынұлының Орынборда «Әліппе астары», Қызылордада «Тіл – құрал түрлері» атты еңбектері жарық көрді.

«Еңбекші қазақ» газетінде М.Дулатовтың «Әліппе мен жазу ережелері туралы» атты мақаласы жарық көрді.

«Еңбекші қазақ» газетінде Ж.Аймауытұлының «Жазу мәселесі туралы соңғы сөз», «Жазу таңбаларымызды азайту туралы жоба», «Қазақ тілін жүргізу қазақша оқуда» атты мақалалары жарық көрді.

«Ақ жол» газетінде Х.Досмұхамедұлының «Қазақ тіліне латын харфін алу мәселесі» атты мақаласы жарияланды.

М.Жұмабаевтың ұйымдастыруымен Алаш қайраткерлері «Алқа» әдеби ұйымының бағдарламасын дайындады.

«Таң» журналы шыға бастады. Редакторы – М.Әуезов. 

1925 жыл

А.Байтұрсынұлының Орынборда, Қызылордада «Оқу құралы», «Тіл – құрал» атты кітаптары жарық көрді.

Ташкентте М.Тынышбаевтың «Материалы к истории киргиз-казахского народа» зерттеуі жарық көрді.

«Еңбекші қазақ» газетінде М.Дулатовтың «Қазақ тілін жүргізетін комиссияның құлағына алтын сырға» атты мақаласы жарық көрді.

«Жаңа мектеп» журналына Ж.Аймауытұлының «Ана тілін қалай оқыту керек?», «Еңбекші қазақ» газетінде «Қазақ тілі қалай түзеледі?» атты мақалалары жарық көрді.

М.Жұмабаевтың «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні» атты мақаласы жарық көрді.

Қызылордада Ұлт театры ашылды.

1926 жыл

Қызылордада А.Байтұрсынұлының «Әліп-би: Жаңа құрал», «Оқу құралы», «Тіл – құрал» және «Әдебиет танытқыш» атты кітаптары жарық көрді.

Х.Досмұхамедұлының «Аламан» жинағы жарық көрді.

Ж.Аймауытұлының «Психология», «Жан жүйесі және өнер таңдау» кітаптары жарық көрді.

Н.Төреқұлұлының «Жат сөздер туралы» еңбегі жарық көрді.

Т.Шонанұлының «Латын әліппесін алуды неге тілейміз?», «Араб әліппесінің тарихы» атты мақалалары жарық көрді.

Бакуде I Бүкілодақтық түркітану съезі өтті. Онда А.Байтұрсынұлы баяндама жасады.

Ташкентте Қазақ жоғары педагогика институты ашылды.

1927 жыл

Қызылорда мен Ташкент қалаларында А.Байтұрсынұлының «Әліп-би: Жаңа құрал» атты кітабы шықты.

М.Әуезовтың «Әдебиет тарихы» атты кітабы жарық көрді.

«Еңбекші қазақ» газетінде Ж.Аймауытұлының «Емле, әріп жайында (айтыс ретінде)» атты мақаласы жарық көрді.

Т.Шонанұлының «Қазақстанда латын әліппесінің жұмысы», «Жаңа әліпби жұмысы» атты мақалалары жарық көрді.

«Жаңа мектеп» журналында К.Кемеңгерұлының «Жат тіл оқыту әдісі», «Мектеп қай тілде болу керек» атты мақалалары жарық көрді.

1928 жыл

Ж.Аймауытұлының «Ақбілек» романы және «Емлені оңайлату жобасы», «Жаңа әліппе (Қазақстан жаңа әліппе қозғалысы)» атты мақалалары жарық көрді.

М.Әуезовтың «Қилы заман» повесі және «Хан Кене» драмасы жарық көрді.

Т.Шонанұлының Қызылордада «Жаңалық (әліппе). 2-басылымы», «Әліппе бірлестіру жайындағы баяндаманың тезисі» атты кітабы және мақаласы жарық көрді.

1929 жыл

Қызылордада А.Байтұрсынұлының «Тіл жұмсар. Сөйлеу, оқу, жазу тілін жұмыс тәжірибесі арқылы танытатын екінші кітабы» екінші рет өзгертіліп басылды.

«Еңбекші қазақ» газетінде Ж.Аймауытұлының «Әдеби тіл мен емле (ойлау ретінде)» атты мақаласы жарық көрді.

Т.Шонанұлының Қызылордада «Жаңалық (әліппе). 3-басылымы», «Жаңалық (әліппе). 4-басылымы» атты кітаптары жарық көрді.

1930 жыл

Қызылордада Ж.Аймауытұлының Жаңа әліппешілердің өлкелік тұңғыш конференциясында жасаған баяндамасы жарық көрді.

Т.Шонанұлының Қызылордада «Сауаттан», «Жаңалық (әліппе). 5-басылымы» атты кітаптары жарық көрді.

"Алаштың" тілдік мұрасы кітбынан, 2009 жыл.

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: massaget.kz