Тың жоба таңдандырды

Тың жоба таңдандырды
Фото: Талғат Рамазанов

Әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Филология және әлем тілдері факультетінде «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіптік бюросы ұйымдастырумен факультет қабырғасында тұңғыш рет жаңа әрі тың «1+1» жобасы өтті.

Бұл жобаны өткізудегі басты мақсат - оқытушы мен студент арасындағы байланысты арттыра түсу, рухани үндестік орнату.

Аталған байқау таныстыру, өнер сайысы, интеллектуалды сайыс сынды шарттардан тұрды. Таныстыру бөлімі бойынша әр оқытушы жұбымен бірге берілген жанрында видеоролик түсіре отырып, өмірдің көлеңкелі тұстарын көрсетті. Бұл шарт бойынша қазақ тіл білімі кафедрасынан қатысушы оқытушы Талғат Рамазанов пен студенті Шамишева Динараның мелодрама жанрына түсірген видеороликтері қазылар алқасының тарапынан қолдауға ие болды. Өнер сайысында орыс филологиясы мен әлем әдебиеті кафедрасының оқытушысы Дәмір Мырзахметұлы, шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының оқытушысы Нұржан Әділбекұлы, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының оқытушысы Бақытхожа Байқожаұлы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Қызу да тартысты өткен бұл байқау қазылар алқасын көп толғандырды. Нәтижесінде жүлделі 3 орынды шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы мен қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы тең бөліссе, орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасы жүлделі 2 орынды місе тұтты. Бұл байқауда үздік өнері мен терең білімін көрсете білген қазақ тіл білімі кафедрасынан қатысушылар жүлделі 1 орынды қанжығаларына байлады. Жобаға қатынасқан өнерлі студенттерге бағалы сыйлықтар мен номинациялар берілді.

Оқытушы мен студент арасындағы үзілмес рухани байланысты нығайта түсетін осындай тың жобалардың ғұмыры ұзақ болсын деп тілейміз.

Жүзбаева Арай Сәбитбекқызы
Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушысы
Рамазанов Талғат Бекболатұлы
Қазақ тіл білімі кафедрасының ассистенті

О. Сансызбай