- Негізгі бет
- Гуманитарлық ғылымдар
- Ағылшын: интервалды қайталау...
Ағылшын: интервалды қайталау
Ағылшын тілін үйреніп жүргендерге арналған ерекше техника бар. Мұның ғылыми атауы – интервалды қайталау (spaced repetition).
Бұл қандай техника?
Интервалды техника (spaced repetition) — белгілі бір кезең аралығында сөздерді қайталаудан тұратын мнемотехника. Бұл әдістің негізін америкалық лингвист Пол Пимслер (Paul Pimsleur) 1967 жылы қалаған. Пимслер сөзді бір оқығанда жаттап алу мүмкін емес екенін ескеріп, оның есте сақталу мүмкіндігін зерттей бастайды. Сөздерді жадыға сіңіп қалғанша қайталай беру арқылы оның санадан өшу уақытын ұзартуға болатынына көз жеткізген. Кейін мынандай уақыт интервалын ұсынған: 5 секунд, 25 секунд, 2 минут, 10 минут, 1 сағат 5 сағат, тәулік, 5 тәулік, 25 тәулік, 4 ай, екі жыл.
Қалай бастайсыз?
Үйренуге арналған қор жинақтаңыз. Кітаптардан, мақалалардан, фильм мен сериалдардан сөз тіркесін жинақтаңыз.
Неге сөз тіркесі?
Сөз тіркесін жеңіл әрі тиімді.
— Сөз тіркесін сөйлеу барысында қолданасыз.
— Артикль секілді грамматикалық ақпараттар сөз тіркесінде белгілі болады.
— Сөзден гөрі сөз тіркесін есте сақтау жылдам жүзеге асады.
Жаттау үшін қанша рет қайталау керек?
Пимслер сөз тіркесін 11 рет қайталауға кеңес береді: оқу, 30 минуттан соң қайталау, кейін келесі күні таңертең, ары қарай үш күннен соң, аптадан соң, айдан кейін. Осылай жалғаса береді. Бастысы, уақытылы қайталауды естен шығармаған дұрыс.
Нәтижені қалай аңғарасыз?
Әдіс жиі қайталау мен белгілі бір жүйе негізінде іске асады. Сіз бір уақытта бірнеше тіркесті пайдалана аласыз. Ортаға уақыт салып қайталай беріңіз.
— Күн сайын жаңа сөздер қолданыңыз.
— Сіз жаттаған тіркес кездесетін сөйлемдер мен мәтінді диктофонға жазып алыңыз. Кез келген уақытта тыңдаңыз.
— Ағылшын тілінде естігеніңізді міндетті түрде жазыңыз.
Ми өзіне уақыт бөлгенді жақсы көреді. Қысқа мерзімді жадыға қарағанда ұзақ мерзімді жады сізді кез келген қиындықтан алып шығатынын ескерсек, сөздер санаңызға әбден сіңгенше қайталай беру өз жемісін берері анық.
Т. Есқали