Шет тіліндегі кітаптарды қиындықсыз оқу

Шет тіліндегі кітаптарды қиындықсыз оқу
Фото: Ақерке Амангелді

Көпшілігі шет тіліндегі кітаптарды оқу қиын деп ойлайды. Бірақ бұл ой қате екенін іске кіріскен кезде түсінесіз.

Кітапты төл тілінде оқудың артықшылығы көп. Біріншіден, ұлыбританиялық, америкалық жазушылардың туындысын өзі жазған тілінде, аудармашының артық сөздерінсіз оқып, өздігіңізше қабылдауға мүмкіндік туады. Екіншіден, шет тілінде жаңа кітап шықса, сіз оның аудармасы шыққанша күтіп төзіміңізді тауыспайсыз.

Оқуға уақыт бөліңіз. Иә, солай, күн тәртібіңізде, жоспарыңызда белгілі бір уақыт аралығында шет тіліндегі кітапты оқимын деген жоспар тұрсын. Уақытты іздемеу керек, оны бөле білу қажет. Әлеуметтік желілерде не сайттарда жаңалық оқитын уақыттың орнына 30 минут жақсы кітап оқысаңыз, пайдасы шаш етектен болады. Мейлі ол түрік тілінде болсын, мейлі ағылшын тілі, тіпті француз тілінде болсын, әліпбиін танитын тіліңізде кітапты оқу әдетін жарты жыл-бір жыл көлемінде тоқтатпай орындасаңыз, одан кейін кез келген кітапты еш қиындықтыз оқуға әбден төселіп аласыз. Бастапқы үш аптада, әсіресе, еш үзіліс салмай оқу маңызды, писхологиядағы 21 күн ережесін еске түсіріңіз.

Арнайы басылымдардан бастаңыз. Бірден сүйікті жазушыңыздың романын алып бастап кеткіңіз келетіні белгілі. Өзіңізді бірден қиынына шынықтырамын десеңіз, еркіңізде. Алайда оны жақсылап түсінгіңіз келсе, енді бастап оқып жүргендерге арналған, тілі жеңіл шетел кітабын таңдаңыз. Бұл сізге жаттығу болады. Дауыстап оқыған да көп көмегін тигізеді. Ол мәтінді дыбыссыз оқығанға қарағанда көбірек түсінуге және сөздерді қатесіз оқуға дағдылануға көмектеседі.

Романдағы әңгімелермен достасыңыз. Толық кітап оқуға дайын екеніңізді сезінген кезде, енді қай кітапты таңдайтыныңызды ақылмен шешіңіз. Голсуорси мен Джойске әлі-ақ жетіп аласыз, тым асығыстық танытпаңыз, оған дейін Фитджеральд пен Хемингуэйді місе тұтыңыз.

Заманауи еңбектен бастаңыз. Джейн Остин, Артур Конан Дойл секілді авторлардан бастап, қателік жасамаңыз. Олардың бүкіл әлемге танымал кітаптары тіптен басқа тілде жазылған, одан бастасаңыз тіпті күйзеліп кетуіңіз де мүмкін. Кітап неғұрлым жаңадан шыққан болса, оны оқу да соғұрлым оңайырақ болады. Ең алдымен соңғы 10-20 жылда шыққан кітаптарды тауып оқыңыз, содан кейін ғана ертеректе жазылған күрделі мәтіндерге өтесіз.

Өзіңіз бұрын аудармасын оқыған кітапты түпнұсқасынан қайта оқып шығыңыз. Таңдау жасауда пайдасы тиетін тағы бір тәсіл – бұрыннан таныс кітап. Егер француз тілін игергіңіз келсе, Экзюперидің "Кішкентай ханзадасынан" бастаңыз, ол ең көп ел тіліне аударылған туынды, одан кейін Саган Франсуазаға өтесіз.

Ең соңғысы – сөздік көмегіне жүгініңіз. Оқып отырған кезде аудармасын бірден сөздіктен тапсаңыз, ол есте жақсы сақталады. Ал шығарма желісі не болып жатқанын мүлде түсінбесеңіз, қайта-қайта сөздікке үңілудің қажеті жоқ әрі түсінбегеніңізге көңілізді де түсірмеңіз. Бұл қалыпты жағдай. Жай ғана оқудан ләззат алыңыз. Бірте-бірте үйреніп аласыз. Арада бірнеше ай өткенде бұрын түпнұсқадан неге оқымағанмын деп өкінетін де боласыз. Іске сәт!

@. @assel_assanova