Сөздер сөйлейді. "Қағанағы қарық, сағанағы сарық"

Сөздер сөйлейді. "Қағанағы қарық, сағанағы сарық"

ХV-XIX ғасырларда өмір сүрген қазақтың ақын-жырауларының өлең-толғауларында, бағзы заманнан келе жатқан мақал-мәтелдерде, сондай-ақ кейбір ежелден қалыптасқан сөз тіркестерінің құрамында бұл күнде аса көп қолданылмайтын, мағынасы күңгірт тартқан немесе мүлде түсініксіз біраз сөздер кездеседі. Сонымен қатар, қазірде жиі айтылатын актив сөз болғанымен, ертеректе беретін мағынасы басқаша болған бірқатар атаулар бар. Ендеше, ұмыт болған, мағынасы көмескіленген ескі сөздерді еске түсіру үшін сөздер сөйлейді.

Қағанағы қарық, сағанағы сарық. Бұл фразеологизмдегі қағанақ, сағанақ сөздері бұл күнде қалың көпшілікке бейтаныстау, күнделікті қолданыста жеке кездеспейтін тұлғалар. «түсіндірме сөздікте» қағанақ сөзіне «малдың іштегі төлін орап тұратын, жұқаша қабық» деген түсінік берілген. Мұны, әрине, жоғарғы тұрақты тіркестегі қағанаққа еш қатысы (жақындығы) жоқ.

Қағанақ Будагов сөздігінде де «послед от ягненка» (Будагов, ІІ т., 18-б.), ал Радлов: қағанақ – қазақ тілінде «уызда пісіріп жасаған тағам» (вареное первое молоко после отеления) деп береді (Радлов, ІІ т., ч. 1899, 73-бет). Мұны бір халық өлеңіндегі қолданысы дәлелдейді:
Қойым жайып келемін бозғанаққа,
Өзім тойып келемін қағанаққа...
Ал қарық болу сөзінің мағынасы «бірнәрсеге жарыды, кенеліп қалды, жетісті» екендігі мәлім. Демек, қағанағы қарық – «піскен уыз сияқты тәтті тағамға кенелді (әбден тойды)» деген ұғымда айтылған бейнелі тіркес. Енді сағанақ сөзінің мән-мағынасын іздесек, бұл сөздің мағынасын «Түсіндірме сөздік» «керегенің қоспасындағы шолақ ағаштар» деп береді (ҚТТС, 8-т., 92-б.). Демек, сағанақтың сары деп бейнеленуі сары (көне тұлғасы сарығ, одан қазақшалануы сарық) дегеннің сөз тіркестеріндегі әр алуан мағыналарының бірін көздегендік болар және ол тіпті де түске қатысты болмауы да мүмкін, ол бейнелі мағына «тұтас» дегенді де, «ұзын» дегенді де тағы осындай семалық сипаты (мағыналық реңкі) бар қолданыс болар. Ал тұтас фразелогизм «Түсіндірме сөздік» біршама дұрыс көрсеткендей «мәз-мейрам, мәре-сәре» деген ыңғайда жұмсалады, тіпті дәлірек айтсақ, «үйі берік, тамағы тоқ» немесе «көйлегі көк, тамағы тоқ» дегеннің синонимдік қатары деуге болады. Бұл бейнелі фразеологизмдегі қағанақ та, сағанақ табұл күнде ұмыт бола бастағансөздер немесе тұлғаның өзі болғанмен, мүлде басқа мағына беретін диалектизм ретіндеь көрінеді. Мысалы, диалектолог мамандардың мәліметтеріне қарағанда, қағанақ – Семей, Абай аудандарын тұрғындарының тілінде «лампаның шынысы» дегенді білдіреді (ДС, 1969, 180-б.)

Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» атты еңбегінен алынған.

Сурет: uietalumni.in

Е. Жұмабайұлы