Әлеуметтік желідегі достардың барлығымен кездесу мүмкін бе?

Әлеуметтік желідегі достардың барлығымен кездесу мүмкін бе?

Әлеуметтік желілердегі достарыңыздың саны қанша? Виртуалды өмірде біреулерде жүздеген,  басқа біреулерде мыңдаған достары болады. Бірақ шын өмірде соның оннан бір, тіпті жүзден бір бөлігімен ғана араласамыз. Дэниель Шау есімді жігіт осы мәселені шешу үшін, өзінің facebook-тағы 730 досының бәрімен кездесуге бел буыпты.

Виртуалды достарын бетпе-бет кездестіру ойы Дэниельге ағасымен әңгіме барысында келген екен. Әлеуметтік желілердегі достары, олардың әрқайсымен қаншалықты жиі кездесетіндігі жайлы әңгіме барысында ағасы Дэниельге ол өзінің 730 досының жартысын да танымайды деп, бәстесуге ұсыныс жасаған екен. Дэниель бәске келісіп, өмірінің бір жылын виртуалды достарымен кездесуге арнады. Олардың басым бөлігі Дэниель тұрып жатқан Ұлыбританияда. Сонымен қатар Германия, Австралия, тіпті Жапонияда әлеуметтік желідегі достары бар.

Өз жоспарын 2013 жылдың тамызында іске асыра бастаған ол өзінің әйелі, жақын достары, әріптестерінен бастап, қарашаға дейін 129 досын кездестіріп үлгеріпті. Бәстің барысын бақылап жатқан The Daily Telegraph басылымы Дэниель бір жылда бар достарын көріп үлгеру үшін күніне кем дегенде 2 досымен кездесу керек екендігін есептеді. Бұны естіген Дэниель жұмысынан демалыс алып, бір жылда үлгеру үшін әлемді шарлап кетті. 

Айта кетсек, Дэниель саяхат барысында қайырымдылық қорға қаражат жинаумен де айналысады екен. 

Ал сізге әлеуметтік желілердегі достарыңыздың барлығымен кездесу үшін бір жыл жетер ме еді?

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: dailymail.co.uk

С. А