«Сынақтан» өткендер шетелге саяхатқа аттанады!

«Сынақтан» өткендер шетелге саяхатқа аттанады!

Кобра салынған қораптан кубик жинау, бетіңізге тышқандарды серуендетіп қою – бұл қорқынышты түс емес, телевизиялық «Сынақ» атты жаңа бағдарламаның тапсырмалары. Отандық «Ел арна» телеарнасы шоу-бизнес өкілдері қаншалықты жүрек жұтқан, ерік-жігерлі екенін осы «Сынақ» жобасы арқылы анықтамақ. Бағдарлама желісі жыл басында өткен «Фобия» бағдарламасына ұқсас болғанымен, бұл жолы берілетін тапсырмалар екі есе қиындаған.

8 қараша күні тұсауы кесілген «Сынақ» бағдарламасы басталмай жатып, жобаға шақырылғандарды біраз әбігерге салыпты. Қатысушы өнерпаздардың көбі «Сынақтың» талаптарынан бірден бас тартса, кейбірі алдымен келісіп алып, кейінірек айнып қалып жатқан. Әлбетте, тарақандармен алысу былай тұрсын, кобра салынған жәшіктен кубик жинауға әрбір адам тәуекелге бара бермейтіні анық.

Былтырғы «Фобия» жобасының жеңімпазы Жігер Аупбаев, тапсырмалар былтырғыдан да қиындағанын тілге тиек етті. «Өйткені ол кездегі сынақтардың көбін көріп қойған, сондықтан көрерменге де, қатысушыларға да қызық емес болады, сондықтан одан да қорқынышты нәрселер ұйымдастырылып жатқан сыңайлы» - деп өз ойын білдірді.

Әлбетте, қатысушылардың денсаулығы мен амандығы бірінші орында. Ал улы жәндіктермен сынға түсу қауіп-қатерге толы болғандықтан, оқыс жағдайлардың алдын алу үшін жедел-жәрдем қобдишасы мен қызметкері әр бағдарламада дайын. 

Бұл жолы жобаға жүрегінің түгі бар шоу-бизнес өкілдерінен Жеңіс Ысқақова, Ақбота Керімбекова, Әли Оқапов, Мақпал Исабекова, Нұрлан Еспанов сияқты әншілер, гитарашы, «Бастау» тобының мүшесі Болат Жолдасов, тележүргізушілер Аша Матай және Игорь Сахар, «Жігіттер» квартетінің әншісі Айдар Байжанов, «Нысана» тетрының актері Дәнекер Оразбай, «КZ» тобының әншісі Бейбіт Құшқалиев, актриса Дариға Бадықова, «Mysterions» тобының әншісі Арман Қоңырбаев қатысуға келісімдерін берген екен.

Ал сахналастарын Дастан Оразбеков жүргізуші ретінде сынақтан өткізетін болады.

«Жобаға ешкім жүлде үшін, не басқа үшін келген жоқ. Барлығымыз бағдарламаға жеке қорқыныштарымызды жеңу үшін қатысып жатырмыз. Өз басым жылқыдан өзге жануарлардың барлығынан қорқамын. Бұл рас. Біреулер мені мазақтар, күлер, бірақ маған бәрібір. Мен өз-өзімді жеңгім келеді», - дейді жоба қатысушысы Әли Оқапов.

Ал танымал әнші Жеңіс Ысқақова: «Былтырғы «Фобия» жобасына да қатыспақ ниетте болғанмын, бірақ денсаулығыма байланысты қатыса алмадым. «Сынаққа» шақырту алғанда бірден келістім. Біріншіден, өз-өзімді сынау үшін келдім. Басында келгенде, жастардың арасында өзімді ыңғайсыздау сезіндім, алайда осы ортада өзімді 15 жасқа жасарып кеткендей, керемет көңіл-күйге бөленудемін. Тіпті заманауи, ырғақты әнге клип түсіруге шабыттанып жүрмін» - деп өз ойымен бөлісті.

"Сынақтың" барлық тапсырмасын мүдірместен орындап, қорқынышын жеңіп шыққан азамат екі адамға шетелге саяхат бас жүлдесін иемденеді. Белгілі азаматтарды беймәлім жағдайда сынап көргіңіз келсе, «Сынақты» жіберіп алмаңыз!

Сурет: Анар Мұстафина, elarna.kz

Автор: Анар Мұстафина

A. Mustafina