Қыс ғажайыбы: Алматыдағы Мұзтау

Қыс ғажайыбы: Алматыдағы Мұзтау
Фото: Yernar Almabek\Massaget.kz

Алматы облысы Кеген ауданындағы Бөлексаз бен Шырғанақ ауылдарының арасында жұрт  "Мұзтау" деп атап кеткен ерекше орын бар. Ол жер астынан атқылап жатқан табиғи таза судан пайда болған. Оған жыл сайын әр аймақтан туристер келіп тұрады. Әсіресе биылғы пандемияға байланысты "Мұзтауды" көрем деушілер саны артқан. Массагет порталының тілшілері табиғат ғажайыбын көруге арнайы барды.

Жергілікті тұрғындар "Мұзтаудың" шығу тарихы әртүрлі екенін айтады. Кеңес Одағы кезінде осы жерді егістікке айналдыру мақсатында 200 метр тереңдіктен суды арнайы бұрғылап шығарған. Алғашында су бір бағытқа қарай ағып жатыпты. Кейін жергілікті тұрғындар артезиан суының тесігін кеңейтіп, жоғарыға қарай атқылатып қойған.

Ал екінші нұсқа бойынша бұл жерде мұнай бар. Мұнай қоры көбейіп, су азаюы үшін суды сыртқа шығарып жатыр екен.

Судың қалай пайда болғанына қарамастан, бүгінде туристер арасында "Мұзтау" танымал болып кеткен. Оған келушілер қарасы көп. Жергілікті халық бұл жерге күндіз-түні келіп жатады.

Жазда субұрқақ 21 метр дейін атқылайды. Қыста осылай қайтадан мұзға айналады. Желдің бағытына қарай жыл сайын Мұзтаудың көрінісі де өзгеріп отырады. Биылғы мұздың биіктігі 14 метр.

Сурбұрқақ қыста атқылап жатқандықтан, Мұзтаудың төменгі бөлігінде табиғаттың өзі осындай әдемі мұз сүңгілерін түзген.

Аппақ қар жамылған далада Мұзтау бейне бір айсбергке ұқсайды. Күнмен шағылысқан мұз көк түске боялған, бұл көрініс Мұзтауға қайталанбас көрік беріп тұр.

Мұзтаудың жанына Шырғанақ ауылының жігіттері арнайы демалатын жер жасап қойған. Бұл жерге апта сайын мыңдаған турист келеді екен. Былтыр Кеген ауданынының әсем табиғатын көруге пандемияға қарамастан, 84 мың турист келген.

Т. Раушанұлы