Елімізде геологтар күні атап өтілді

Елімізде геологтар күні атап өтілді
Фото: rcgi.geology.gov.kz, mirkosmosa.ru

Елімізде жыл сайын сәуірдің алғашқы жексенбісінде геологтар күні атап өтіліледі. Бұл мерекені Қазақстан Елбасының 2011 жылғы 20 қазандағы жарлығынан кейін атап өте бастады. Біздің мемлекетімізден бөлек Ресей, Украина, Беларусь және Қырғыстан елдері геологтар күнін тойлайды. Геологтар күні биыл 7 сәуірге тура келді. 

Аталмыш мерекеге орай елордамызда Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Тимур Токтабаевтың қатысуымен Геологтардың күніне арналған іс-шара өтті. Мерекеге орай вице-министр жиналған геологтар мен ардагерлердің алдында сөз сөйлеп, бірқатар еңбек озаттары мен геологияға үлес қосып жүрген жастарды марапаттады.

Қазақстан Республикасы жер қойнауын пайдаланудың инвестициялық тартымдылығы бойынша Фрейзер институтының әлемдік рейтингісінде бірқатар жақсы нәтижелерге жетті. Биыл 104 елдің ішінен 73 орыннан көтеріліп, 24-орынға тұрақтады.

Мерекеге орай  "Қазгеология" АҚ жетекші геологы А. Хамзин, "Майкаиналтын" АҚ байыту фабрикасының геологы Г.Емельянова және Қ. Сатпаева атындағы Геология және жер қойнауын пайдалану институты кафедрасының меңгерушісі А.Бекботаевалар "Қазақстан Республикасы Жер қойнауын барлаудың үздігі" төс белгісіне ие болса, геологиядағы зор еңбегі үшін "Солтүстікқазжерқойнауы" ӨД Ақмола облыстық инспекциясының басшысы Б. Қасымбеков, "Қазгеология" АҚ басқарушы директоры Б. Мударисов, "Қазгеоақпарат" РГАО ЖШС департаментінің директоры Э. Джантуреева және "Қазатомөнеркәсіп" АҚ Тау-кен департаменті бөлімінің басшысы Ю. Важинскийлер  ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің атынан Құрмет громаталарымен марапатталды.

Геологтардың еңбегі әрқашанда еленіп келеді десек артық айтқандық емес, жыл сайын еліміздегі ардагер геологтан бастап жастарға дейін еңбек озаты, геология саласына қосқан үлесі үшін түрлі мақтау қағазы мен марапаттар беріліп жатады. Жоғарыдағы аты аталған геологтардан бөлек "Қазақстан Республикасының құрметті жер қойнауын барлаушы" атағымен бірқатар геологтар марапатталды. Олар: "Қазмырыш" ЖШС Шығыс Қазақстан геологиялық барлау қызметінің директоры И.Чугунов, "Қазатомөнеркәсіп" АҚ Тау-кен департаментінің директоры В. Бармасов, "«Қазгеология" АҚ I санатты геофизигі Б. Смағұлов, "Қазгеология" АҚ I санатты гидрогеологы Г. Жармұхамбетова, "NovaЦинк" ЖШС бас геологы А. Жүсіпов, "Қазгеология" АҚ жетекші геологы Д. Ракин, "АтыгайГолдМайнинг" ЖШС директоры А. Марьин, және "E&P PetroConsulting" ЖШС бас директоры Ж. Аристамбаев.

Қазақстанның жас геологтары да аталған мерекеге байланысты халықаралық олимпиадаларға шығып, жүлделі орннан көрініп жүргені үшін ҚР ИДМ Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Надырбаев Ақбатыр Алуадинұлы атынан алғыс хаттарымен марапатталды. Олар: Ақназар Қажымұрат, Ислам Айтуғанов, Асылбек Өмірзақ Қаламқас Жағыппарова, Глеб Смирнов, Камила Қажен, Қаламқас Жағыппарова, Әлия Жағыпарова.

Айта кетейік, геологтар күні Маңғыстау өлкесінде де аталып өтті. Аталмыш мерекеге орай жергілікті геолог ардагерлер Құрық поселкесінде бас қосып, геолог-барлаушылар мұражайын аралады. Жиынды ашқан Қазақстан геолог-мұнайшылар қоғамының басшысы Балтабек Қуандықов жиналған геологтарды мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, бұл мереке тек Маңғыстауда  ғана емес, министрдің қатысуымен Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында да аталып өтіп жатқандығын тілге тиек етті.

Мерекелік шарада сөйлеген облыс әкімі Ералы Тоғжанов: "Маңғыстаудың бүгіні де, болашағы да мұнай саласына тікелей байланысты екенін жұртшылық біледі. Сондықтан төл мерекелеріңіз – геологтар күні құтты болсын! Экономикасы мықты елдің тәуелсіздігі де нығая түсетіні белгілі, Елбасымыз Құрық портын — Қытайға шығатын 2000 шақырым жолды бекер ашып отырған жоқ, бұл еліміздің өркендеуіне серпін беретін саяси-экономикалық маңызы зор жоба", – деді. Сондай-ақ, облыс әкімі өлкедегі бірнеше геолог ардагерлерге өз алғысын білдірді. Шара соңында даңқты мұнайшы Халел Өзбекқалиевтің 90 жылдығына арналған кітаптың тұсаукесері өтті.

Т. Раушанұлы