Стэнфорд нұсқасы. Назарбаев Университетінің оқытушылары әлемнің 2% үздік ғалымдарының тізіміне енді

Стэнфорд нұсқасы. Назарбаев Университетінің оқытушылары әлемнің 2% үздік ғалымдарының тізіміне енді

Elsevier компаниясы жариялайтын Стэнфорд университетінің жыл сайынғы зерттеуі аясында мансабында және соңғы бір жылда ғылымға әсер ету деңгейі бойынша ғалымдардың тізімдері жасалады.

Стэнфорд университетінің зерттеушілері жыл сайын жүйелі библиометриялық зерттеу негізінде әлемдегі үздік ғалымдардың рейтингін жасайды. Рейтинг екі түрлі деректер базасын құрайды: біреуі ғалымдардың мансаптық жолына негізделген, екіншісі - өткен жылдағы жетістіктер бойынша. 2022 жылдың 3 қарашасында жарияланған соңғы деректерге сәйкес Назарбаев Университетінің (NU) ғалымдары 2021 жылы тиісті салалардағы жарияланымдарының әсері негізінде әлемнің 2% үздік ғалымдарының тізіміне енді.

NU фото. Фотода ұсынылған ғалымдардың тізімі толық емес

Деректер базасы 200 мыңға жуық ғалымдардың қызметі туралы ақпарат береді, оның ішінде дәйексөздер келтіру, жарияланымдар мен дәйексөздер санын көрсететін h-индекс, бірлесіп жазылған жарияланымдарды есепке алатын hm-индекс, сондай-ақ құрама көрсеткіш (c-score). Есептеулер 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша рецензияланатын ғылыми әдебиеттердің бірыңғай библиографиялық деректер базасы Scopus авторларының барлық бейіндері негізінде жүргізіледі. Мұндай өлшемдер тиімділігі жоғары ғылыми қызметпен айналысатын ғалымдарды жылдам анықтау, өңірлік және әлемдік деңгейдегі әртүрлі зерттеу топтары/институттары арасында ынтымақтастық орнату үшін пайдалы.

Негізгі мақсат – 22 ғылыми салада және 176 қосалқы салада бүкіл әлем бойынша тиімділігі жоғары зерттеулер жүргізетін ғалымдарды бағалау. Тізім мақалалар санын санаумен шектелмейді. Бұл ғылыми жұмыстардың пайдалылығын есептейтін өлшем, - деп түсіндірді Назарбаев Университетінің (NU) қауымдастырылған профессоры Тимур Атабаев, ол да жыл сайынғы тізімге енді.

Тізімге енген NU профессоры Тимур Атабаев нанотехнологиялар саласындағы зерттеулермен айналысады.

Соңғы жылдары біздің зерттеу тобымыз оптикалық, биомедициналық, энергетикалық, сенсорлық және фотокаталиттік қолданбаларға арналған функциялық наноқұрылымдарды ұтымды жобалаумен және синтездеумен айналысады. Атап айтқанда, біз сутекті экологиялық таза өндіру үшін фотокаталиттік жүйелерді құру, жаңа радиологиялық контраст агенттерді синтездеу, оптикалық және химиялық наносенсорларды әзірлеу және озық тотығу процестерінің көмегімен суды тазарту бойынша жұмыс істеп жатырмыз», - деп атап өтті Тимур Атабаев. 

Scopus деректері бойынша, соңғы бес жылда Q1 беделді журналдарында NU жарияланымдарының саны артып, қазақстандық жоғары оқу орындарының Q1 журналдарында жарияланған барлық ғылыми мақалаларының 1/3 астамын құрады. Тағы бір көрсеткіш өсіп келе жатқан орташа өлшенген дәйексөз индексі (SCI) 1,34-ті құрайды және университеттің ғылыми жарияланымдарын басқа зерттеушілер әлем бойынша орташа деңгейден 34%-дан астам келтіргенін көрсетеді.

Н. Үсенова