Креативті Алматы форумы өтеді

Креативті Алматы форумы өтеді
Фото: freepik.com

Сәуірдің 17 мен 18 жұлдызында Нархоз Университеті Британиялық кеңестің Қазақстандағы өкілдігімен бірлесіп CREATIVE ALMATY атты форумын ұйымдастырады. Мәдениет пен шығармашылықты қозғаушы күш ретінде қарастыратын жаңа білімдер экономикасы үрдістерін талқылау – жобаның негізгі мақсаты. 

Креативті экономика – соңғы 20 жылдағы жаһандық дәрежедегі елеулі табысқа жеткен салалардың бірі. Қазіргі таңда креативтілік табиғи ресурстардың көмегіне жүгінбей-ақ экономика мен ғылыми-техникалық өсімді қамтамасыз ететін маңызды элемент ретінде қарастырылып қана қоймай, күнделікті жаңа жұмыс орындарын ашуда. Британдық кеңестің креативті индустриялардың жол картасы туралы есебіне сәйкес, 2018 жылға дейін елімізде аталмыш саланың өкілі ретінде 18.000-ға жуық кәсіпорын тіркелген. Алматы қаласы сөзсіз көшбасшы болып табылады, себебі республика бойынша барлық креативті компаниялар санының 44,8%-ы осында қызметін жүзеге асырады.

Креативті және шығармашылық индустриядағы кәсіпкерлікті қолдау мақсатында, танымал бизнесмендер, телевизия, музыка, театр, кино және қолөнер саласында жетістікке жеткен тұлғалар мектеп оқушылары мен студенттермен форум аясында өз тәжірибесімен бөліспек.

Сондай-ақ, форумның бағдарламасында әр түрлі бағыттағы 7 мастер-класс панельдік пікір алмасу, қызықты тренингтер мен нетворкинг-ойындар енгізілген. Барлық қатысушылар назарына қолөнершілер жәрмеңкесі, командалық сайыстар және Нархоз Университетінің жыл сайынғы "Әз Наурыз" мерекелік жиыны ұсынылады.

Форумның маңызды бөлігі ретінде "Алматыдағы мәдени және креативті индустрия: зерттелуі және тәжірибесі" атты дөңгелек үстел өтеді. Аталмыш жиын отандық және халықаралық сарапшылардың басын қоспақ, олардың ішінде Лондондық City University мәдени экономика профессоры Энди Пратт, Coventry University кәсіпкерлікті дамыту орталығының директоры Кис Джефрей және Нархоз университетінің Болашақты болжамдау орталығының басшысы Джон Свинни өз ойларымен бөліседі.

БАҚ өкілдері үшін сарапшылармен сұхбаттасу шаралары 17 және 18 сәуірде өткізілуі мүмкін.

Форумның өзге де жаңалықтары мен сипаттамалары creativealmaty.kz сайтында және @creativealmaty2019 инстаграм-парақшасында жарияланып отырады. 

Т. Есқали