- Негізгі бет
- Білім ордалары
- АҚШ университеттерінің бірінде...
АҚШ университеттерінің бірінде саясатты рэп арқылы зерттеу курсы ашылмақ
АҚШ-тың Джорджия штатындағы Армстронг мемлекеттік университеті белгілі OutKast тобының шығармашылығына тұтас бір курс арнамақшы.
OutKast — джи-фанк пен классикалық соул жанрларына негізделген оңтүстік хип-хоп бағытындағы рэп-дуэт. Рэперлер – атланттық хип-хоп мектебінің жолын жалғаушылар. 6 рет "Грэмми" марапатының лауреаты атанған. Outkast тобы оңтүстіктің агрессивті рэп жанрына оптимистік үн алып келген ерекше топ. 2014 жылға дейінгі есеп бойынша, дуэт 25 миллионнан астам альбом сатқан. Сондай-ақ, NME, Pitchfork, Rolling Stone мен Spin сынды беделді музыкалық басылымдар топтың Aquemini және Stankonia аталатын альбомдарын үздік деп таныған.
Жоғарыда атап өтілген идеяның авторы африка-америкалық әдебиет профессоры Регина Брейдли болып отыр. Брейдли ханымның мақсаты – OutKast аталатын хип-хоп бағытындағы топтың шығармашылығы арқылы рэп жанры саяси пікір білдіру құралы бола алатынын көрсету. Расында да, OutKast тобының негізін қалаушы Андре Бенджамин (Andre 3000) және Энтван Паттон(Big Boi) есімді рэперлер штаттарда мекен ететін қара нәсілділердің өмірінде кездесетін кедейлік, сауатсыздық және т.б. мәселелерді қозғайды.
Армстронг мемлекеттік университеті АҚШ-тың оңтүстігіндегі Джорджия штатында орналасқан. Бұл жерде нәсілдік теңсіздік белең алған. Оған мысал: талантты музыкант Рэй Чарльз 1961 жылы өзінің концертіне шығарда Джорджия штатының бір қара нәсілді студентінен хабарлама алады. Онда университет ішіндегі шара кезінде ақ нәсілділерге ғана ән салуға рұқсат етіліп, қара нәсілділерге тек тамашалауға тура келетіні айтылыпты. Оны естіген Рэй концертін кейінге қалдырады, өйткені ол нәсілдік сегрегацияға әрқашан қарсы болды.
Армстронг мемлекеттік университетінде ашылғалы жатқан жаңа дисциплина туралы сіз не ойлайсыз?
А. Оралқызы