Рэй Чарльз: "Көрудің қандай екені менің есімде еміс-еміс сақталған"
Фото: vk.com

Рэй Чарльз: "Көрудің қандай екені менің есімде еміс-еміс сақталған"

23 қыркүйек ең танымал және ықпалды соул-әнші Рэй Чарльздің туған күні. Ол 50-ші және 60-шы жылдардың барлық музыканттарын шабыттандырған атаулы тұлға, соул бағытындағы сазды насихаттап, оның дәстүрлі классикалық музыка түріне айналуына әсер етті. 70-ке жуық грамжазба Рэй Чарльзге тиесілі. Грэмми сыйлығын 17 дүркін иеленген аңыз адамның өміріне қатысты сіз білмейтін 5 деректі ұсынып отырмыз.

 

1. Барлығы Рэй Чарльздің зағип болғанын біледі, бірақ көпшілік Рэйдің інісі өзінің көз алдында жазатайым кеткеннен болғанын біле бермейді. Чарльз алты жаста болғанда оның інісі ойнап жүріп су толы табаққа түсіп кетеді. Рэй бауырын құтқара алмаған себепті жүйкесі зақымдалып, көру қабілетін жоғалта бастайды. Ал жасы 7-ге келгенде зағип болады. Өзінің берген бір сұхбатында Рэй:«Көрудің қандай екені менің есімде еміс-еміс сақталған. Ең басты есімде қалғаны — анам, оның бейнесі. Сонымен қатар, гүлдердің елесі».

2. Анасы өмірден өткенде Рэй 15 жаста болатын, бірақ ол өмірінің соңына дейін мәпелеп өсірген анасын үлгі тұтып өтті. Атақты музыканттың қабілетіне сеніп, шабыттандырған жалғыз адам туралы Рэй әрбір сұхбатында айтып отыратын. Чарльз мырзаның «Hard Times» (No One Knows Better Than I) әні анасына арналыпты. «Анам қайтыс болғанда мен бірнеше күн нәр татпағаныммен қоса, сөйлей және ұйықтай алмай қалдым. Есімнен адасатыныма сенімді болдым».

3. Рэй  17 жасынан бері ән жаза бастағанымен, оның нағыз өнерге аяқ басуы 1953 жылы жарық көрген «Mess Around» синглімен тұспа-тұс келеді. Осы туындыдан кейін ол көп жетістікке қол жеткізді. Екі жылдан соң көптеген музыка сарапшылары алғашқы  соул-композиция деп мойындаған «I Got A Woman» әні жазылды.

4. Рэй Чарльз туралы естімесе де,  «What’d I Say» әнін естімеген жан жоқ шығар. Бұл туындының шығуы кездейсоқ болыпты. Чарльздің автобиографиясында жазылғандай, 1958 жылы концертте музыканттар барлық әндерін орындап болады, бірақ концерт аяқталуына уәде берген уақыт жеткенше бірнеше минуттар қалса керек, сол уақытта Рэй жаңа әннің сазын ойнай бастайды. Осылайша, ән концерт үстінде, тыңдарман алдында пайда болады. Соған қарамастан, ән чарттардың алдыңғы қатарында бой көрсетеді. 

5. Рэй Чарльз бүкіл саналы ғұмырын нәсілдік теңсіздікке қарсы күресіп, Мартин Лютер Кинг идеологиясының жақтаушысы болды. Ол 1961 жылы өзінің концертіне шығарда Джорджия штатының бір қара нәсілді студентінен хабарлама алады. Онда университет ішіндегі шара кезінде ақ нәсілділерге ғана ән салуға рұқсат етіліп, қара нәсілділерге тек тамашалауға тура келетіні айтылыпты. Оны естіген Рэй концертін кейінге қалдырады, өйткені ол нәсілдік сегрегацияға әрқашан қарсы болды.

2004 жылы Тейлор Хэкфорд есімді режиссердің «Рэй» деген биографиялық фильмі жарық көрді. Оның премьерасына дейін бірнеше ай қалғанда Рэй өмірден өтіп кетеді.  Бұл картинаны барша қауым зор ынтамен қарсы алды, ал басты рөлді сомдаған Джейми Фокс «Оскар» сыйлығымен марапатталды.

А. Оралқызы