"Тіл тазалығына терең мән берілу керек" – Талғат Рамазанов

"Тіл тазалығына терең мән берілу керек" – Талғат Рамазанов

Тіл тазалығын сақтау үшін жүргізілетін күрес – мәңгілік күрес. Әсіресе, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие тілдің тазалығы және оның басқа тілдер алдында ырықтылығы ең маңызды мәселе саналады. Еліміздің мемлекеттік тілі – қазақ тілінің мәртебесін мойындау, беделін қорғау, оны жоғарылату осы тілді пайдаланып отырған сөйлеушінің ең негізгі міндеті болмақ. Бүгінгі таңда сөйлеу тіліндегі, ақпарат көздеріндегі оғаш сөздер аяқ алып жүргісіз. Тіл тазалығын сақтамаудан туындаған оғаш қолданыстар хақында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Талғат Бекболатұлы баяндап береді.

Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету, тіл тазалығы – бүгінгі бір парызымыз. Талғат та осы салада тер төгіп жүрген білікті маман. Ол 1992 жылы Атырау облысы Құрманғазы ауданында өмірге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты. 2017 жылдан бастап А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Грамматика бөлімінде қызмет жасайды, Осы бөлімінде қызмет жасай жүріп, белгілі тілші-грамматист, алаш арыстарының тілдік мұрасын терең зерделеген ғалым Орынай Сағынғалиқызының бастамасын бірнеше кітаптың жауапты редакторы, жауапты шығарушысы болды. Атап айтқанда:

1. Елдес Омарұлы. Үш томдық шығармалар жинағы. Кітапта ХХ ғ. басындағы ұлттық Тіл білімінің көрнекті өкілі Елдес Омарұлының зерттеулер мен мақалаларынан құралған ІІІ томдық еңбек жарыққа шықты.
2. ХХ ғ.басындағы ұлттық Тіл білімінің көрнекті өкілі Қажым Басымұлының емле, орфография, термин мәселелеріне байланысты зерттеу, мақалалар жинағы кітап боп шықты.
3. Қазақ тілі ХХ ғ.басындағы туралы зерттеулер. Еңбекте 1920-30 жылдардағы барлық қазақ тілі мәселелеріне қатысты зерттеулер жинақталып берілген.
4. Ахмет Мамытұлы. Шығармалар жинағы. Зерттеулер, мақалалар жинағы.
5. Тұрағұл Абайұлы. Зерттеулер, мақалалар, аудармалар.
6. Молдағали Жолдыбайұлы. Қазақ тілі туралы зерттеу мақалалары, шығармалары.
7. Көрнекті ғалым, академик Р.С.Сыздықтың 95 жылдығына арналған биобиблиографиялық көрсеткіш.

Қазіргі кезеңде қазақ тіліне үлкен реформа қажет. Ол реформаны тілге деген бетбұрыс деп қабылдауға әбден болады. Әр салада реформа жасалуы мүмкін. Алайда, Қазақ тілінде реформа ұшқыны 30 жылда енді басталды. Яғни, қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп, қазақ тіліне сұраныстың барлық салада артып жатқаны шындық. Жастар тарапынан осы қазақ тіліне қосатын үлестің бір сыпырасы тіл тазалығын сақтаумен тікелей байланысты. Бүгінде сөйлеу мәдениетімізде айтарлықтай тілдік ерекшелік байқалады. Қате жарнамалар мен тікелей аударманы айтпағанда, бұрыннан қалыптасқан тілдік норманы бұзып сөйлеу үдерісі белең алды, - дейді.

Тіл маманы кей сөздердің қате қолданылуы мен жазылуына да жаны ашиды. Қате көрсе түзеттіруге, ол жайында айтудан әсте жалықпайды.

Айталық, Келеміз деп жатырған қонақтар бүгін түсте жетеді ме? Осы бір сөйлемде екі ауыр қателік тұр. Сөйлемнің дұрысы: «Келеміз деп жатқан қонақтар бүгін жете ме?» Демек, сөйлемді бүлдіріп тұрған екі сөз: жатырған және жетеді ме. Осы «жатырғаннан» неге жатырқауымыз керек екеніне аз-кем тоқталсақ. Жалпы қазақта жатырған деген сөз жоқ. Керісінше, жатқан деген бар. Түбір «жат»-қа «қан» көсемше жұрнағының жалғануы арқылы сөз жасалып тұр. Алайда бүгінгі таңда әкімдердің, лауазымды басшылардың баяндамаларында жиі кездесіп қалатын осы «жатырған» сөзін көпшілік «отырғанмен» шатастырып, өздерін құтқара сөйлеуі мүмкін. «Отырғаннның» түбірі – «отыр». Оған «ған» есімшесі жалғанып «отырған» болады. Әсте «отқан» емес. Ауызекі тілде иәки кейбір жергілікті тілде «келіп отқан, кетейін деп отқан» деп анша-мұнша  қолданыста болғанымен, ол жалпы қазақ сөзіне  өкіл бола алмайды. Қысқасы, сөзді түрлендіргенде түбір негіз болады.  Ал сөз түбір мен қосымшаны ажыратпай тұрып, түрлендіруден бұзылады. Оған дәлел екінші сұрау етістігі: жетеді ме? Дұрысы:  жете ме?

Бүгінде ақпарат құралдары мен жастардың тіліндегі жаргон сөздерден бөлек, тіл білімі заңдылықтарына қайшы тіркестер де көп.

Қазақ тілінде еш уақытта үшінші жақ жіктік жалғауы жалғанғаннан кейін сұраулық шылау жалғау дәстүрі жоқ.  Етістіктің көсемше тұлғасы ма, ме сұраулық шылауымен тіркескенде, 3-жақта жіктік жалғаусыз қолданылады. Мысалы: бара ма, келе ме, айта ма, жаза ма, отыра ма, ұрсып па (ұрсыпты ма емес), сөйлей ме (сөйлейді ме емес) және тағы т.б. - дейді.

Өз орнын таппай жүрген сөздер мен қисынсыз құрылымдар қазіргі тілдік қолданыста аз емес. Қазақ ұлттық әдеби тілінің нормасы мен тілдің табиғи нормаларын дұрыс сақтау мәселесі сөз мәдениетінің ең маңызды компоненті. Мұны Талғат шын түсінеді.

Бабаларымыз «Туған ел – тірегің, туған тіл – жүрегің», «Өнер алды-қызыл тіл» деген секілді даналық тұжырымдармен ғасырлар бойы тілдің, сөздің киесін жоғары бағалап, осынау баға жетпес ұшан-теңіз байлықты бүгінгі ұрпаққа табыс еткен. Сондай-ақ оның тазалығы мен тектілігін дәріптеп отырған. Ғасыр басындағы тілін қызғыштай қорғап, жарғақ құлағы жастыққа тимей жар салған ұлт көсемдері Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Қошке Кемеңгерұлы т.б. зиялылардың әрбір жазбаларынан қазақтың қарашығы сияқты ана тілдің құны мен оны ардақтау жөніндегі көзқарастары көрініс табады. Міне осы қайталанбас тұлғалардың еңбектері бүгінгі қазақ тілінің тазалығы мен әуезділігін сақтауда басты темірқазық болары сөзсіз. Тек осыны зер салып оқу қажет, - дейді тіл маманы.

Талғат Рамазанов жайлы университет қабырғасындағы ұстазы, филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлдархан Смағұлованың да айтары бар. Тіл тазалығына жанымен берілген шәкіртінің болашағына зор үмітпен қарайды.

Қазіргі қоғамда жастар ең ықпалды күшке айналды десек болады. Себебі, олардың өзіндік айтар ойы, қосар үні бар. Барлық салада жастар қызмет етуде. Әсіресе ғылым саласындағы жастарға қоғам ерекше назар аударуда. Менің шәкіртім, Талғат Рамазановты университет қабырғасынан білемін. Бакалавриатта оқып жүргенде менен диплом қорғады. Магистрлік диссертациясына да өзім жетекшілік еттім. Бүгінгі таңда докторантурада оқып жүр. Зерттеу нысаны етіп алған тақырыбына көп көңіл бөліп, біраз еңбектеніп жүргенін байқаймыз. Жалпы тіл ғылымында бірнеше корфией ер ғалымдар болған. Ол ағаларымыз Қазақ тіл ғылымының жеке-жеке салаларын қалыптастырған еді. Талғаттан мен сол аға ғалымдар қалыптастырып кеткен ғылыми бағытты жандандырып, ұлт тілінің болашағы мен келешегіне қалтқысыз қызмет етеді деп сенемін, - дейді профессор.

Н. Үсенова