Медиа менеджер деген кім?

Медиа менеджер деген кім?
Фото: rbc.ru

БАҚ саласында кейінгі жылдары қолданысқа ене бастаған терминдердің бірі – медиа менеджмент. Заманауи тенденцияны ең алдымен қабылдайтын сала – масс-медиа екенін ескерсек, оған келген өзгерістің бәрі келесі бір салаға ықпал етіп жатады. Сондықтан медиа менеджмент ұғымын толығырақ қарастырғанымыз болашақ журналистер үшін маңызды.

Соған орай жаңа ұғымның мағынасы мен мәнін Balbal.kz порталының медиа менеджері Жазира Байдалыдан сұрап көрдік.

Медиа менеджмент деген не?

Жазира Байдалының айтуынша, медиа менеджмент – бұқаралық ақпарат құралдарын, масс-медиа құрылымдарын тиімді басқару жүйесі. Ал медиа менеджер дегеніміз – БАҚ-ты дамыту стратегиясы мен медиажобаларды жүзеге асыру, жоспарлау және ұйымдастыру жұмыстарымен айналысатын тәжірибелі, білікті маман.

"Медиа менеджерге кімдер жатады дегенге келсек, бұған редакторлар, бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істейтін пиар-менеджерлер, продюсер, коммерциялық директор, шеф-редактор – осының бәрі медиа менеджерлер. Әлеуметтік желі мен стриминг сервистерінде арнасы мен парақшасы бар, арнайы подкаст жобалары бар жандар да медиа менеджерге жатады", - деп түсіндіреді Жазира Байдалы.

Оның айтуынша, медиа менеджер қарапайым журналистен шыққаны дұрыс. Өйткені мұндай маман бұқаралық ақпарат саласынан тәжірибесі мен білімі бар, шығармашылыққа жақын. Басқару саласында жүріп тәжірибе жинаса тіпті құба-құп.

"Менеджменттен хабары бар журналистен тамаша медиа басқарушы шығады. Бір жағынан, шығармашылық қыры басым. Екінші жағынан БАҚ-тың қыр-сыры мен аудиториясын, медиа сала мамандарының психологиясын, жалпы ақпарат саласының "ішкі ас үйін" жақсы біледі. Ал басқа саланың менеджері келіп, БАҚ саласында орын таба алмауы мүмкін. Сондықтан масс-медиа саласында тәжірибе жинақтаған адамның басқаруға барғаны жөн", - дейді медиа менеджер.

Қазақстандағы медиа менеджмент

Елімізде қазір медиа менеджмент пен медиа басқару сауаттылығын үйрететін арнайы бағдарламалар бар. Кейбір жоғары оқу орындары да бұған көңіл бөле бастады. Бірақ әзірше нәтиже аз көрінеді.

"Қазақстандағы БАҚ-тың басқару әкімшілігінде көбіне бұрынғы газет-журнал мен телевидение басшылары отыр. Жаңашылдықты аса қабылдай қоймайды. Сондықтан жаңаша формат өте аз. Заманауи тенденцияларға ауысу баяу. Ноу-хау жоқтың қасы. Бірақ сайт журналистикасында жақсы өзгерістер бар. Тәуелсіздік жылдарымен құрдас жастар басшылық пен басқаруға келіп жатыр. Оларда тың идея мен қандай да бір жаңашылдық бар. Сол жағы қуантады. Өзім де БАҚ саласында жүргеніме 11 жыл болды. Кейінгі төрт жылды дәл осы интернет журналистикаға арнадым", - дейді Жазира Байдалы.

Елдегі ақпарат ағыны мен бағыты тікелей медиа менеджерлерге байланысты. Яғни, ақпарат саясатына тікелей ықпалы бар адамдардың қолында.

"Қазір елімізде ақпараттық фаст-фуд деген ұғым пайда болды. Яғни, қажеті жоқ, лас, қоқыс ақпараттар көбейді. Шоу-бизнес пен көңіл көтеру, негатив басым, жеңіл-желпі ақпараттар - соның көрінісі. Бұған жол беріп отырған – медиа менеджерлер. Егер ақпарат саласын түзу жолға қоймаса, онда халыққа сауат пен білімді үйрету қиын болып қалады", - дейді маман.

Қ. Слямбек