Назарбаев Университетіне түсу үшін ағылшын тілін қандай деңгейде білу керек?

Назарбаев Университетіне түсу үшін ағылшын тілін қандай деңгейде білу керек?
Фото: Yernar Almabek\Massaget.kz

Биыл Назарбаев университетінің құрылғанына 10 жыл толды. Еліміздегі беделді оқу орнына қалай түсу керек екенін бірі білсе, бірі біле бермеуі мүмкін. Осы сұрақ жөнінде zhuldyzfm радиосының "Таңғы шоу" бағдарламасы жүргізушілері тыңдармандары қойған кей сұрақтарды аталған оқу орнының мамандарына жолдады. 

"Назарбаев университетіне бір сұрақ" айдарында "Назарбаев университетіне қабылдану үшін үлгерімнен басқа қандай қабілеттер керек? Ағылшын тілін қандай деңгейде білу қажет?" сынды сұрақтарға аталған оқу орны қабылдау департаментінің бас менеджері Гүлден Шоқатова жауап берді.

Маманның айтуынша, Назарбаев университетіне түсу үшін біріншіден, адамда ынта болу қажет екенін алға тартты.

– Егер талапкер біздің университетке түсемін деп өзіне мақсат қоя білсе, біздің веб-сайттан барлық мәліметтерді алып, емтихандарға дайындала алады. Екіншіден, ол еңбекқор адам болу керек. Себебі емтиханға дайындалу үшін көп уақыт пен қажыр-қайрат керек. Үшіншіден, ағылшын тіл деңгейін жоғары меңгеру қажет. Өйткені университетімізде сабақтар тек қана ағылшын тілінде ғана өтеді. Жалпы, біздің университетіміз жетпіске жуық бағдарлама ұсынады. Олар: бакалавриат, магистратура, доктарантура, резидентура. Әрбір бағдарлама үшін өзінің ағылшын деңгейі бар. Мысалы сіз, foundation бағдарламасына түсем десеңіздер, біз үміткерлерге Aptis Remote емтиханын өткіземіз. Оның ішінде төрт секция бар. Олар: тыңдау, жазу, оқу, сөйлесу дағдыларын тексеретін секциялар. Бұл секциялар бойынша ең жоғары ұпай – 50. Оның ішінде жазылым бойынша – 35 ұпай,  оқылым бойынша – 34 ұпай, сөйлеу бойынша – 36 ұпай, тыңдалым бойынша – 30 ұпай жинауы керек. Бұл foundation-ге түсу үшін", - дейді Назарбаев университетіне қабылдау департаментінің бас менеджері.

Айта кетейік, Ғoundation – дегеніміз университет алдындағы дайындық бағдарламасы.

Гүлден ханым, мектепті жаңа бітірген талапкерге ағылшын тілінде толықтай оқу өте қиынға соғатынын, сондықтан, НУ-да сол оқуға дайындайтын бір жылдық бағдарлама бар екенін айтты.

– Бірақ, осы бағдарламаға қабылдану үшін де ағылшынның осы деңгейі қажет болады. Егер сіз ағылшын тілін жақсы білемін десеңіз, онда бакалавриатқа тікелей түсуге болады. Яғни, foundation арқылы университетте 5 жыл оқысаңыз, тікелей бакалавриат арқылы 4 жыл оқисыз. Бакалавриатқа түсу үшін IELTS емтиханын тапсырасыз. IELTS емтиханы 6,5 болу керек. Ал жаңағы жазылым, тыңдалым, оқылым, сөйлесу бойынша ең төменгі ұпай 6,0 болуға тиісті. Ал одан кейінгі бағдарламалар магистратура, доктарантура, резидентураға түсемін десеңіздер, онда да өзінің төменгі балы бар. Ол – 6,5 балл. Ал кейбір гуманитарлық пәндерге белгіленген балл – 7,0. Ал секция бойынша 6,0 болуға тиіс", - дейді Гүлден Шоқатова.

Т. Раушанұлы