"Ару" сөзі тек қыздарға қатысты қолданыла ма?

Негізі "Ару, ару қыз, ару бойжеткен" деп айтылатын сияқты еді ғой, "ару" сөзі тек қыздарға қатысты қолданыла ма? Сіз қалай ойласыз? Бұл сұрақ сізді қызықтыра ма?

Онда Қасым Аманжолов «Көп туса қазақ дәл сіздей қызды...» деп өлең арнаған филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздықтың еңбектерін оқыңыз.

Рабиға Сыздық: Қазірде де қолданыста бар, мағынасы да айқын ару сөзін ертедегі нұсқалардан жиірек кездестіреміз, мұнда бұл сөз екі түрлі мағынада келеді: бірі – жеке тұрып, "сұлу, көрікті әйел, сүйікті қыз, жар" деген мәнде. Доспамбет жырау өз портретінің бір жерінде: "Алғаным Әли ағаның қызы еді, Қас арудың өзі еді" десе, екінші бір жерінде:

"Зерлі орындық үстінде,
Ал шымылдық ішінде
Тұлымшағын төгілтіп,
Ару сүйдім – өкінбен" дейді.

Сонымен қатар ертедегі қазақ әдебиеті тілінен ару ат, ару ұл, ару батыр деген тіркестерді де ұшыратамыз: "Ақтабан ару торы ат жайлаған"(Шобан). "Айсұлдың ару Әметі тұрғанда" (Шалкиіз).

Бұл күнде ару ат, ару батыр дегендер құлаққа жат естіледі. Қазірде "ару" сөзі әйелге, көбінесе сұлу қызға қатысты қолданылса, бұрын бұл сөз "жақсы, мінсіз, асыл" деген ұғымда да келіп, ат, жігіт сөздерімен тіркесе алғанын көреміз. Бұл сөздің қолданысы бұрынғы "таза, кіршіксіз, пәк" деген түпкі мағынасынан ауысқан.

Сыздықова Рәбиға. Қазақ әдеби тілінің тарихы (ХV-ХІХ ғасырлар): Көптомдық шығармалар жинағы /Рәбиға Сыздықова / – Алматы: "Ел-шежіре", 2014.-97 б.