"Дистанционное обучение" тіркесін қалай аударамыз?

"Дистанционное обучение" тіркесін қалай аударамыз?
Фото: massaget.kz

Соңғы уақытта коронавирусқа байланысты "дистанционное обучение" тіркесінің қолданыс жиілігі күрт артып кетті. Бүгінгі таңда сөйлеушілер арасында "дистанционное обучение" тіркесінің баламасы ретінде "қашықтан оқыту", "қашықтықтан оқыту", "арақашықтықтан" оқыту тіркестері жарыса қолданылып, дистанционный сөзінің баламасы ретінде қашық, қашықтық, арақашықтық сөздері ұсынылып жүр.

Қайсысы дұрыс?

"Қазақ әдеби тілінің сөздігінде" Қашық сөзіне "1. Алыс, жырақ, шалғай, аулақ. 2. Арасы ашық, алшақ" деген анықтама берілген (Қазақ әдеби тілінің сөздігі. – Алматы, 2011. - 9-том. - 531-б.).

Ал "қашықтық" сөзі "алыстық, арақашықтық" (Қазақ әдеби тілінің сөздігі. – Алматы, 2011. - 9-том. – 532-б.), "арақашықтық" сөзі "аралық, қашықтық" түрінде сипатталған (Қазақ әдеби тілінің сөздігі. – Алматы, 2011. - 9-том. - 581-б.).

Қашық сөзі сын есім болғанмен, көп жағдайда затсымақтанып (А.Байтұрсынұлының термині) зат есімнің орнына қолданылады. Бұл басқа да сын есімдерге тән. Абай Құнанбайұлы "Сегіз аяқ" атты өлеңінде:

Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған;
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағыны жетіп қайырған,
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең, өзің біл, – деп жырлайды. Алыстықтан немесе "қашықтықтан" демейді.

Тілімізде мойыны қашық, мойынды қашыққа салды деген тіркестер бұрыннан бар. Қазіргі кезде "қашық" сөзі дистанционный сөзінің баламасы ретінде жиі қолданылып, "қашықтан ағытқыш", "қашықтан басқару", "қашықтан бергіш", "қашықтан жарғыш", "қашықтан қатынас құру" сияқты тіркестер қалыптасты.

Тіл үнемдеуге бейім. "Дистанционный" сөзінің баламасы ретінде "қашықтық", "арақашықтық" сөздерімен салыстырғанда "қашық" сөзінің жиірек қолданылып жүруінің бір себебі осында. Осыған байланысты "дистанционный" сөзінің баламасы ретінде тілімізде біршама орнығып, қалыптанып қалған "қашық" сөзін қолдана берген дұрыс деп есептейміз.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты

Н. Үсенова