Бірнеше тіл меңгерген адамның бірнеше болмысы бола ма?

Бірнеше тіл меңгерген адамның бірнеше болмысы бола ма?
Фото: www.arthistory.ru

Біздің моральдік ұстанымдарымыз қаншалықты берік? Біз өз тіліміз бен өзге тілде бірдей ойлаймыз ба? Біз қаншалықты тұрақтымыз? Біздің болмысымызды не анықтайды? Біздің кім екенімізді ше? Біздің әдеттеріміз, талғамымыз, ойлау ерекшелігімізді ше? Оған тілдің қатысы бар ма?

Бірнеше тіл меңгерген адамды осы ойлар жиі мазалайтыны белгілі. Адам өз-өзіне нақты осы сұрақтарды қоймаған болса да, мақаланы оқып, осы күйді бейсаналық тұрғыда жиі кешетінін ұғары анық. Өйткені өзге тілде сөйлеген кезде өзіміздің ішкі жан-дүниеміздегі өзгерісті байқаймыз. Құдды басқа адам кейпіне еніп кететіндейміз.

Өз тәжірибемнен мысал келтіретін болсам: ағылшын тілінде моральдік тұрғыдан өте еркін адам кейпіне енсем, француз тілінде ерекше романтикалық, нәзік күйге бейім әрі риясыз оптимист секілді, орыс тілінде интеллектуалды жетілу жолында өз-өзіне аса талапшыл адам болмысына енемін, сондай-ақ, поэтикалық сезімталдық мен өнердің құдіретін сезіну шегіне жеткендегі ішкі тебіреністерді дәл жеткізу кезінде де ішімнен осы тіл бұлқынып шығады, ал, ана тілімде, яғни, қазақ тілінде ұядан алған тәрбиеге бекем, адами құндылықтарға берік, адалдық пен адамгершіліктен аттамайтын, жүректен гөрі ақылға жүк артқан адам болмысына енемін.

Бұл ана тілден өзге тілде сөйлеген уақытта, адам өзін мүлде ұмытып, жүгенсіз кетеді деген сөз емес. Тек, ана тілінде сөйлеген кезде оның ұстанымдарға беріктігі мен ең күшті деген сезімін өз тілінде ғана дәл жеткізуге қауқарлы екендігі байқалады. Осылайша ішкі болмысқа үңіліп, оның бұлқыныстары мен бұрылыстарын зерделеу нәтижесінде келген шешімімді ғылыми зерттеудің өзі дәлелдеп отырғандықтан, сізбен де бөлісуді жөн көрдім, оқырман. Бәлкім сіз де мұндай ауытқушылықтарды сезетін шығарсыз. Ендеше, ғалымдардың не дейтінін оқып көріңіз.  

Жоғарыдағы сұрақтарға қатысты ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілген. Белгілі когнитивист ғалым, «Language in Mind: An Introduction to Psycholinguistics» кітабының авторы Джулия Седиви адамның моральдік ұстанымдарының қаншалықты берік екендігін оның ойлау ерекшелігіне тәжірибе жасау арқылы анықтауға тырысқан.

Психологтар өткізген тәжірибе жұмысы бойынша, адамдарға ситуациялық сұрақ қойылып, соның шешу жолдарын анықтау ұсынылған. Қорытындысы: сұрақ өзге тілде болған жағдайда, олардың жауабы моральдік нормаға сай келуі сирек кездескен. Ал, дәл сол тапсырма ана тілінде қойылған кезде, тәжірибеден өтушілер міндетті түрде адами құндылықтарға жүгіне отырып, соған байланысты шешім қабылдаған.

Неліктен бұл маңызды? Неліктен мораль туралы айтылған әңгіме тілге байланысты өзгеше өрбуі мүмкін?

Ғалымдардың пайымдауынша, адамның бала кезден меңгерген тілі эмоциялық тұрғыдан әлдеқайда терең сезіледі. Соған сай дәл сол тілдегі сөздерді ұғу, оларды есту кезіндегі сезіну деңгейі әсерлірек болады. Ал, жүре-бара үйренген, әсіресе, қалыпты әрі бір арнадағы академиялық ортада игерілген тілдің әсері соншалықты зор бола алмайды екен. Өйткені, оны пайдалану тәжірибесі кезінде тіл тек сабақ ретінде ғана өтілгендіктен және адамның жеке өмірімен тығыз байланысты болмағандықтан болмысқа сіңіп үлгермейді. Мысалы, қандай да бір естелік жағдайды санаңызда жаңғырту кезінде оны сол кезде өзіңіз қолданған тілде еске түсіру жеңіл болады екен.

Осы тұжырымды дәлелдеу мақсатында Кэтрин Харрис пен оның әріптестері тіл үйренуші адамдардың висцеральды, яғни, ішкі реакциясын тексерген. Олар теріге арнайы электр өткізгішін орнату арқылы сиуденттің белгілі бір сөзді естіген кездегі эмоциялық тітіркенуі деңгейін анықтаған (адреналин деңгейінің артуына байланысты). Тәжірибе ағылшын тілін үйрену ұлты түрік студенттерге жүргізілген. Олардың екі тілдегі сөздерді есту барысындағы теакцияларын анықтаған: ол сөздердің бір тобы эмоциялық әсер етуі мүмкін емес қарапайым сөздер («Үстел») болса, екіншісі адамның намысына тиетін немесе табу қатарындағы сөздер болған.

Тәжірибе қорытындысы бойынша студенттердің бірінші топтағы сөздерге қарағанда екінші топтағы сөздерге байланысты реакциялары  әлдеқайда терең әрі күшті болған. Ал, сол табу сөздердің бірі ағылшын, бірі түрік тілінде дыбысталған кезде, тіл үйренушілердің туған тіліндегі фразаларды сезіну деңгейі бірден артқан екен. Тіпті, олардың кейбірі сөздерді өзінің бір туысы айтып тұрғандай әсерде болғандарын да жасырмапты.

Яғни, егер тіл өткен өміріміздің үлкен эмоциялық контейнері қызметін атқара алатын болса, демек, мұндай эмоциялық ассоциациялар сол тілде жасалған моральдік қағидалар мен ұстанымдарға да әсер ете алары хақ.

Олай болса, бірнеше тіл игерген адамның “шын болмысы” қайсы?

А. Оралқызы