- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Бас айналу, бас...
"Бас айналу, бас ауыру". Дәрігер жер сілкінісінің адам ағзасына әсері жайлы айтты
Алматыда жер сілкінісі болды. Кей адамдар жер сілкінісі кезінде және одан кейін басы айналғанын айтса, біреулер басының ауырып тұрғанына шағымданды. Мұндай кезде денсаулық жағдайы жағынан кімдер қауіп тобына жатады? Жер сілкінісі адам ағзасына қалай әсер беруі мүмкін? Бұл сұрақтарға Massaget.kz тілшісіне қазақстандық терапевт Маржан Әбдіғалиева жауап берді.
Бұл құбылысқа гипертониямен (жоғары қан қысымы) қиналатын адамдар сезімтал келеді, алайда сау адамдардың өзі әлсіздік сезініп, басы ауыруы немесе айналуы мүмкін.
"Жалпы жер сілкінісі десе, бірден ойымызға үрей келіп түседі. Ең алдымен жер сілкінісі қандай аймақтарда болатынына тоқталып өтейін. Оның сейсмикалық активті аймақтарда, яғни осы Алматы облысы секілді елді-мекендерде болу қаупі жоғары. Сондықтан мұндай аймақтарда өмір сүретін адамдар, соның ішінде артериялық қан қысымы, жүрек ауруы, жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдар жер сілкінісінің әсері жайлы білуі керек. Мұндай адамдар жер сілкінісі болмаған кезде де ауа райына тәуелді келеді. Мысалы, олар күн бұлтты, ауа-райы құбылмалы болған кезде өздерін жайсыз сезінуі мүмкін: қан қысымдары көтеріліп жатады. Ал енді жер сілкінісі кезінде оларда қандай өзгерістер болуы мүмкін? Ең алдымен үрей пайда болады, содан соң қан қысымы көтеріледі. Ал кей адамдарда бас ауыруы, жүрек айну, құсу секілді қосымша жағымсыз белгілер пайда болуы мүмкін", - дейді терапевт Маржан Әбдіғалиева.
Маман қауіп тобына жататын адамдар мұндай кезде не істеу керегін түсіндірді.
"Егер сіз артериялық қан қысымы бойынша есепте тұрсаңыз, өзіңіздің жергілікті емханаңыздағы дәрігерлермен және медициналық қызметкерлермен үнемі байланыста болуыңыз қажет. Сондай-ақ қан қысымына арналған гипотензивті препараттарыңызды үнемі жаныңызда ұстап, емдеуші дәрігер белгілеген мөлшер бойынша үзбей ішіп отыру керек және мұндай дәрілерді алдын ала "дабыл жолдорбасына" салып қою керек. Жер сілкінісі болады немесе болып жатыр деген хабар естіген бойда барынша сабырлық сақтауға тырысып, жер сілкінісі кезінде істеу керек қадамдарды орындаңыз. Қауіпсіз жерге барған соң седативті препараттарды (тыныштандыратын дәрілерді) қабылдап, осы кезеңді барынша қолайлы етіп өткізу маңызды. Егер қол астыңызда өзіңіздің ішіп жүрген препаратыңыз болмаса, кез келген дәріханада сатылатын аспирин (500 мг) таблеткасының жартысын тіл астына салуға кеңес берер едім", - дейді дәрігер.
Жер сілкінісі кезінде үрейге салынбай, күйзеліске түспеу маңызды. Бұл кезде барынша сабырлық сақтап, нақты қадамдарды жылдам орындау керек. Алайда мұндай жағдай кез келген адамның эмоциялық саулығына жағымсыз әсер ететіні анық. Алайда бұл кезде күйзеліске түсудің қауіпті салдарлары болуы мүмкін. Мысалы, артериялық қан қысымы бар адамдар қатты уайымдаса, қысымы бірден көтеріліп кетіп, инфаркт немесе инсульт алуға әкелуі мүмкін. Сондықтан үрейге салынып жатқаныңызды байқасаңыз, дәрілеріңізді ішу немесе тыныс алу жаттығуларын жасау секілді өзіңізге көмектесетін әдістерді орындаңыз.
Жер сілкінісінен соң ұйықтай алмау, босаңсу қиынға соғуы мүмкін. Егер қаладағы жағдай тұрақталса және қауіпсіз жерде болсаңыз, босаңсытатын процедураларды жасаңыз. Егер жақындарыңыздың қасында өзіңізді қауіпсіз сезінсеңіз, солардың жанына барыңыз. Қорқынышты жаңалықтар оқи бермеуге тырысып, тек сенімді көздердің ақпаратын тыңдаңыз. Себебі уайымнан және ұйқының дұрыс болмауынан да басыңыз ауырады.
Еске салайық, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі "НТЦСН и И" сейсмикалық станциялар желісі Алматы уақыты бойынша сағат 2024 жылғы 23 қаңтарда сағат 00:09:02-де (2024 жылғы 22 қаңтарда Гринвич бойынша 18 сағат 09 мин 02 сек) жер сілкінісі тіркелгенін хабарлады. Жер сілкінісі MSK-64 шкаласы бойынша Алматыда 5 балл, Шымкент 2 балл болып сезілген.
Артынша жер сілкінісі тағы да сезілді. Көп ұзамай жер сілкінісінің үшінші толқыны сезілді.
Алматыда жер сілкінісі қайталанбайды.
Сейсмикалық болжау комиссиясы Алматыдағы жағдай бойынша қорытынды жасады. Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығының базасында комиссия Алматы болжамдық полигонының аумағындағы сейсмикалық жағдайға бағалау жүргізеді. Оның қорытындысы бойынша комиссияның кезектен тыс отырысының хаттамасы дайындалады.
"Комиссияның қорытындысына сәйкес күшті және жойқын жер сілкінісі күтілмейді", - деп жазылған хабарламада.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдын ала жоспарланған жұмыс кестесіне сәйкес 24-25 қаңтар күндері Алматыға барады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
Президент мегаполистегі бірқатар нысанды аралайды. Соның ішінде Қаңтар оқиғасынан кейін күрделі жөндеуден өткен әкімдік ғимаратына барып, қаладағы жағдайға байланысты жиын өткізеді.
Алматы қалалық полиция департаментінің қызметтері мен бөлімшелері қызметтің күшейтілген нұсқасына көшірілді. Қаладағы жағдай тұрақты.
А. Жапатова