Аяқ-қолыңыз мұздап қалса, қалай дұрыс жылыту керек? Дәрігер кеңесі

Аяқ-қолыңыз мұздап қалса, қалай дұрыс жылыту керек? Дәрігер кеңесі
Фото: tengrinews.kz

Мұздап қалған аяқ-қолды ыстық суға салуға болмайды, себебі күйік алу қаупі бар. Хирург Александр Умнов News.ru-ге мұздап қалған аяқ-қолды қалай дұрыс жылыту керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Суық әсерінен адам ағзасында қорғаныш реакциясы болады: қан шеткі дене бөліктерінен (білек, табан, бет, құлақ, ерін) өмірлік маңызы бар органдарға (бірінші кезекте, ми мен жүрекке) бағытталады. Қанайналым баяулағандықтан, аяқ-қолдағы температура түсіп кетеді. Аяқ-қолыңыз мұздап қалады. Үйге келе сала аяқ-қолды ыстық суға салудың қажеті жоқ. Себебі бұл кезде күйік алу қаупі жоғары", - дейді дәрігер.

Хирург сондай-ақ суықта темекі шегуге және алкоголь ішуге болмайтынын айтты, себебі олар қан тамырларды одан сайын тарылтады.

Александр Умнов тоңып қалған аяқ-қолға жеңіл массаж жасауға кеңес берді.

"Аяқ-қолыңызға крем немесе май жағып, жайлап уқалаңыз. Кофенің орнына көк шай ішіңіз немесе оны қолыңызбен ұстаңыз: қан тамырларды кеңейтуге көмектеседі. Осы процедуралардан соң ғана ваннаға немесе душқа түсуге болады. Алайда температура 40 градустан жлоғары болмауы керек. Сондай-ақ қолыңызды үрлеуге немесе жылу көзінің бетіне жылытуға болады", - дейді ол.

Қыста далаға шығарда ауа райына сай киіну керек. Міндетті түрде бас киім киіп, шарф тағыңыз. Сондай-ақ далаға шығарда басыңызды жумаңыз және аязды күні далада ұялы телефонмен көп сөйлеспеңіз. Сонымен қатар қолыңызға қолғап киюді ұмытпаңыз.

Оқи отырыңыз: Қол неге ұйып қалады?

А. Жапатова