- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Аты есімде жоқ"....
"Аты есімде жоқ". Адамның есімін қалай жылдам жаттап алуға болады?
Кей адамдардың есімдерді есте сақтауы нашар. Мысалы, таныс адамыңызды кездестіріп қалдыңыз, бірақ аты есіңізге түспей қалады. Немесе жаңа ғана біреумен таныстыңыз және оның есімін бірден ұмытып қалдыңыз. Мұндай жағдайлар кез келген жерде – мерекелік кештерде, іскерлік кездесулерде немесе жаңа жұмыс орнында болуы мүмкін.
Неліктен біз есімдерді есте сақтамаймыз?
Біреуді алғаш рет кездестірген кезде біздің зейініміз көптеген факторларға, мысалы, бетіне, оның сырт келбетіне, дауысына, ым-ишарасына немесе сол кездегі айналадағы жағдайға ауып кетеді. Ақпараттың көп болуы кейде алдымызда тұрған адамның атына мән бермеуге немесе оны еске түсіре алмауға әкеледі.
Адамдардың есімін білу маңызды ма?
Бұл адамды өзіңізге қаратудың ең қарапайым жолы. Оған қоса, әр адам өз есімін естіген кезде оны танитынын және есте сақтап қалғанын біледі, бұл оған жағымдылық сыйлайды. Сондықтан көптеген лидерлер адамның есімдеріне аса мән беріп, оларды барынша қолдануға тырысады.
Іскерлік қарым-қатынаста немесе клиенттермен жұмыс істеуде де әңгімелесушінің есімін есте сақтау маңызды. Әйтпесе, сіз оның алдында зейінсіз, тыңдау білмейтін, өзін немесе өз проблемаларын ойлап отыратын, әңгімелесушіге немқұрайлы қарайтын адам секілді көрініп қалуыңыз әбден мүмкін. Сондай-ақ адамның есімін есте сақтау сізге сенімділік сыйлайды. Ендеше, есімдерді қалай тез жаттап алуға болады?
Есімді қайталаңыз
Біреумен танысқан кезде өз есіміңізді айтып, әңгімені жалғастырып кетпей тұрып, оның есімін қайталап айтыңыз. Мысалы, егер оның аты Жандос болса, сіз былай дей аласыз: "Жандос, танысқаныма қуаныштымын" немесе "Жандос, сіз сонда қаржы саласында жұмыс істейсіз ба?".
Сондай-ақ әңгімелесу кезінде де оның есімін бірнеше рет қолдануға болады, бірақ әрине, өте жиі емес. Онымен сөйлескен кезде көзіне тіке қараңыз: сіздің миыңызда оның есімі мен түрі бірге сақталуы керек.
Жазып алыңыз
Егер сізде визуалды есте сақтау дамыған болса, танысқан адамыңыздың есімін қағазға жазып алыңыз. Әсіресе, ерекше және сирек кездесетін есімдерді солай жазып алған дұрыс. Сондай-ақ адамның визит картасын сұрауға болады.
Ассоциациялар пайланыңыз
Жаңа есім естіген кезде қиялыңызда сол есіммен сөздік байланыс немесе сурет жасауға болады. Бұл ол адам жайлы сіз білетін кез келген факт, мысалы, әуестігі, айналысатын ісі, тұратын жері болуы мүмкін.
Байланыстар мен ұқсастықтар табу
Жаңа танысқан адамыңызды есімі сондай өзіңіздің танысыңызбен ұқсастырыңыз. Немесе сондай есімді танымал адамдармен сәйкестендіруге болады. Мысалы, Роза есімді әйелмен таныссаңыз, оны Роза Рымбаевамен сәйкестендіруіңізге болады. Бұл бастапқыда қиын секілді көрінуі мүмкін, бірақ қайталай берсеңіз, адамдар арасында осындай байланысты жылдап тауып, есімдерін тез жаттайтын боласыз.
Назар аудару
Адам атын есте сақтамаудың ең негізгі себептерінің бірі – сол адамға мән бермеу, зейініңіздің айналадағы басқа нәрселерге ауып кетуі. Сондықтан біреумен танысқан кезде бар зейініңізді сол адамға бөліңіз, сол кезде оның есімін де жылдап сақтап қаласыз.
Оқи отырыңыз: Баланың есте сақтау қабілетін қалай жақсартамыз – маман жауабы
А. Жапатова