Баланың есте сақтау қабілетін қалай жақсартамыз – маман жауабы

Баланың есте сақтау қабілетін қалай жақсартамыз – маман жауабы
Фото: massaget.kz

Ата-аналарды жиі мазалайтын сұрақтардың бірі — баланың есте сақтау қабілетін дамытуға бола ма? Әрине, есте сақтауды жаттықтыруға және дамытуға болады. Оның тиімді жолдарын анықтау мақсатында mumkin.kz икемді дағдыларды дамыту бойынша орталықтың негізін қалаушы, 1000-нан аса оқушыға оқу мен есте сақтауды меңгерткен білікті оқытушы — Сәулехан Кәусария Сағадатқызымен әңгімелестік.

— Кәусария Сағадатқызы, баланың есте сақтауын жақсартуға көмектесетін қандай жеңіл жаттығуларды ұсынасыз?
— Оған негізгі 3 жаттығу өте жақсы көмектеседі. Бірінші жаттығу — бала кітапты немесе мәтінді оқып болған кезде бірден не оқыдың деп есіне түсірту. Өйткені есте сақтау дегеніміз — еске түсіру қабілеті. Сондықтан баланың тура жаңа оқығанын, тура жаңа есіне сақтағанын қайта есіне түсірту өте маңызды. Екінші жаттығу пиктограмма деп аталады. Яғни,  бала белгілі бір өлеңдегі немесе мәтіндегі әрбір сөзді суретке айналдырып шығу керек. Мысалы, «қараңғы қазақ көгіне» деген тіркестегі «қараңғы» деген сөзді қараңғы бөлме түрінде, «қазақ» деген сөзді қазақ үйі — киіз үй түрінде, ал «көгіне» деген сөзді бұлт етіп суретке салуға болады. Осылайша, баланың ассоциациялық ойлау жүйесі қалыптасады. Үшінші жаттығу — интеллект-карта (mind map). Яғни, бала белгілі бір идеяны ортаға жазуы керек. Мысалы, балаға «менің жазғы демалысым» деген тақырып береміз. Сөйтіп, бала жазғы демалысында не істейтінін толықтай осы интеллект-картаға түсіру керек. Ол үшін ортаға белгілі бір сөз (біздің жағдайда, «менің жазғы демалысым») жазады, одан ары қарай тармақтар шығарады: мысалы, «ауылға барамын», «қалада боламын» немесе «саяхатқа шығамын». Содан кейін әрбір тармақты әрі қарай тарқату керек. Мысалы, ауылда болған кезде ол не істейді? Атқа отырады, ата-әжесімен сөйлеседі, қой бағады және т.б. Осындай интеллект-карта жасауды үйрету керек. Интеллект-картаны, әсіресе, үлкен-үлкен мәтіндерді оқып болғаннан кейін қолданамыз.

— Әлеуметтік желідегі парақшаңызда нейрогимнастикалық жаттығу түрлерімен бөлісіп тұрасыз. Олардың пайдасы жайлы бірер сөз айтып жіберсеңіз?
— Нейрогимнастикалық жаттығулар — баланың болсын, ересектің болсын оң және сол жақ миының қатар дамуына септігін тигізетін жаттығулар кешені. Мысалы, неге музыкалық аспаптарда ойнайтын адамдардың миы жақсы дамиды. Өйткені олар екі қолмен бірге жұмыс жасайды. Оған қоса, нейрогимнастикалық жаттығулар кәдімгі гимнастика сияқты физикалық тұрғыда адамға пайдасын тигізеді. Оны сабақ ортасында сергітетін немесе жұмыста миды іске қосатын жаттығу ретінде қолдануға болады. Жалпы нейрогимнастикалық жаттығуларды жүйелі түрде орындау бас миының өнімділігін және жалпы жұмысқа қабілеттілікті арттырады.

— Оқырмандарыңызға есте сақтауды жақсарту үшін жиі Рюта Кавашиманың «Интеллект пен есте сақтауды дамытудың жапондық жүйесі» атты кітабын ұсынасыз. Балалар бұл кітаппен неше жастан бастап жұмыс істей алады?
— Оқырмандарыма бұл кітаппен жұмыс жасауға кеңес беруімнің себебі — ол өте қарапайым және тиімді кітап. Оған күніне бар болғаны екі минут қана бөліп есте сақтау қабілетін жақсартуға болады. Белгілі жапондық ғалым Рюта Кавашима жалпы ми қайткен жағдайда дамиды, қалай оны тез дамытуға болады деген сұрақтың жауабын іздеген екен. Сөйтіп қиын есеп шығарған адам болсын, түрлі жаттығулар жасаған адам болсын — барлығының миы 100 пайыз қосылмайтынын байқаған. Ал қарапайым есептерді жылдамдыққа шығарған жағдайда адамның миы толыққанды активацияланып, белсенділік танытып, жақсы жұмыс істей бастайды екен. Сол үшін осы кітапты ұсынамын. Күніне екі минуттан ғана есеп шығару керек. Бұл есептерді жай ғана қосуды және алуды немесе көйбейту кестесін білетін балалар қолдана бере алады. Яғни, бала қосуды және алуды білсе, осы кітаппен жұмыс жасай берсін.

— Баланың есте сақтауын ойын ойнау арқылы жақсартуға бола ма?
— Иә, әрине болады. Бірақ ол үшін алдымен балаға есте сақтаудың базасын түсіндіру керек. Есте сақтау қабілетін жақсартуға қажет негізгі дағдыларға тізімдер мен жұптарды жаттай алу және пиктограмма жасай алу жатады. Нақтырақ айтқанда, тізім деп тұрғанымыз, мысалы, он заттың тізімін қалай жаттауға болады, балаға осы нәрсені үйрету керек. Одан кейін жұп деп тұрғанымыз, ағылшынша бір сөз бен қазақша бір сөзді бір-бірімен байланыстырып, қалай жаттауға болады. Ал пиктограмма дегеніміз — жоғарыда айтылғандай, белгілі бір мәтіндерді, не болмаса өлеңдерді суретке айналдыру. Балаға алдымен осы үш нәрсені үйретіп алу керек. Одан кейін қалған нәрсенің барлығын электронды ойын немесе сабақ уақытында түрлі ойындар ретінде  ұйымдастырып үйретуге бола береді. Ешқандай қиындық болмайды. Базаны меңгерген бала ойын түрінде ұсынылған есте сақтау әдістерін оңай қабылдай бере алады. Ең өкініштісі, Қазақстанда әлі осындай ойын форматында есте сақтауды үйрететін бағдарламалар жоқтың қасы. Сондықтан бұл өте қызық әрі назар аударуға тұрарлық сала деп есептеймін.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ЕСТЕ САҚТАУ/ЖЫЛДАМ ОҚУ (@mumkin.kz)

— Есте сақтауды және жалпы ми жұмысын жақсарту үшін кез келген жаңа дағдыны үйрену пайдалы саналады. Дегенмен, баланың есте сақтауын жақсарту үшін оны нақты қандай үйірмеге берген пайдалы?
— Иә, дұрыс айтасыз. Есте сақтауды және миды дамыту  үшін кез келген жаңа  нәрсені үйрену пайдалы. Өйткені ол жаңа нейрондық байланыстардың түзілуіне ықпал етеді. Ал үйірмеге келетін болсақ, сурет салу мен жылдам оқу үйірмелері пайдалы. Егер мүмкіндік болса және ондай курс болса, есте сақтаудың өзіне арналған жеке үйірмелерге берген жөн. Сонымен қоса, шахмат секілді интеллектуалдық ойындар да артық етпейді.

— Есте сақтау нашарламас үшін қандай әдеттерден аулақ болған жөн?
— Біріншіден, есте сақтау қабілеті нашарламас үшін қандай да бір ақпаратты оқып не болмаса жаттап болған соң сол беті қалдыра салу әдетінен аулақ болу керек. Яғни, бір рет оқыдың ба сол оқығаныңды бірнеше рет есіңе түсір, бір нәрсе жаттадың ба, оны келесі және одан кейінгі күні есіңе түсір. Екіншіден, физикалық жағынан алатын болсақ, уақытында ұйықтамау, уақытында тұрмау, дұрыс тамақтанбау, әсіресе, фаст фуд жиі жеу секілді нәрселердің бәрінен аулақ болу керек. Үшіншіден, егер психологиялық жағын айтатын болсақ, онда мүлде сабақ оқығысы келмейтін, сабаққа қызығушылығы жоқ, ойынға әуес балалармен дос болудан да аулақ болу керек. Өйткені, адам үшін және оның дамуы үшін ортасының маңызы өте үлкен.

Баланың миы дамыған болса, есте сақтау қабілеті жақсы болса, оның болашағы жарқын деп білемін. Өйткені, жоғары сыныпқа көшкеннің өзінде әрбір пәнді жақсы әрі жылдам меңгеріп кететін болса, алдағы уақытта жоғарғы оқу орнына түсу, шетелге оқуға түсу оңай болады. Сол үшін баланың жадымен, оқу жылдамдығымен жұмыс жасау — тек мұғалімнің емес, ата-ананың да жауапкершілігі дер едім.

— Сұхбатыңызға рақмет!

А. Жапатова