Балаларға арнап қазақы аниме мен комикс шығармақпыз – Ордаген

Балалар өнімі нарығында біршама жетістікке жеткен жобалардың бірі – OrdaGen ертегілері. Іске қосылғанына бір жылға толар-толмас. Қиялы жүйрік, баланың таным-түсінігімен таныс авторлардың басын қосып, заманауи ертегілерді жаздырып, оның электронды және кітап-нұсқасын дайындаумен айналысады. Ата-аналардың ықыласына бөлінген аталмыш жобаның бүгінгі тыныс-тіршілігін Massaget.kz тілшісі біліп көрді.

OrdaGen жобасының директоры Парасат Тәненовтің айтуынша, қазіргі таңда 1000-ға жуық заманауи ертегі жазылып, оның 600-ден астамы баспа табаққа дайындалған, аудионұсқасы әзірленді. Қалған 400-нің суреті салынып жатыр. Сурет қазақы таныммен, ертегінің мазмұнымен қабаттасып жатуы тиіс. Жазылған 100 ертегінің жанры – таза фэнтези.

"Ел болам десең, бесігіңді түзе" дейді халқымыз. Тәуелсіздікпен түйе құрдас ұрпақтың балалары қазір алды орта мектепке барып жатыр. Көбі қазақтілді контенттің жоғына қамығады. Ал OrdaGen ертегілері тәуелсіздіктің ақ таңында дүниеге келген сәбилердің емін-еркін ойланып, жан-жақты дамып, қазақы мінез қалыптастыруына септігін тигізуді мақсат тұтады", - дейді Парасат Тәненов.

Жақында жобаның алғашқы жетістіктерін бекіту мақсатында "Orda  ертегілері" атты толық жинақтың тұсаукесерін өткізген. Мұнда 600 ертегінің 33-і кітап болып басылып шықты. Одан бөлек "Орда ертегілері" атты сериямен 11 кітап шыққан. Жоба аясында әлем халықтарының 100 үздік ертегісі тәржімаланған. Ол "Әлем ертегілері" деген атпен басылып шықса, "Атам айтқан орда ертегілері", қосымша "Мың бояулы орда" атты екі бояма кітап жарыққа шыққан.

Ертегілер үш жас категориясы бойынша бөлінеді. 0+, 3+ және 6+ санаттары.

"Жылдың соңына дейін 0+ және 3+ санаты бойынша 10 кітапты баспаға шығаруды көздеп отырмыз. Алда осы мазмұндас тағы 10 кітап жоспарда тұр. Ол жерде тақпақ-өлең, балаларға арналған қызықты энциклопедиялық ақпараттар, бала жиі қоятын сұрақтардың жауабы, тіпті, балаға қалай логопедтік көмек көрсетудің жолдары (мәселен, "р" дыбысын үйретудің амалдары жайлы) жайлы мәліметтер болады. Яғни, біз балалар нарығында кешенді өнім жасауды қолға алғымыз келеді", - дейді жоба директоры.

Қазір Орда ертегілерінің электронды нұсқасы – Ordagen мобильді қосымшасы жұмыс істеп тұр. Оны Android пен IOS жүйелерінен еркін  жүктеп алуға болады. Қосымшада 600 ертегі толық жүктелген. Әр ертегінің аудионұсқасы бар. Қолдану тегін. Мобильді қосымшаны қазір 15 мыңнан астам адам қолданады.

"Жоғарыда айтқанымдай, балалар нарығын түгел қамтығымыз келеді. Осынау 1000-ға жуық ертегінің ішінен көп оқылған, тыңдалған, сұрыпталған ертегілердің мультфильмін түсіреміз. Әзірше 3 қысқаметрлі мультфильм әзірлегенбіз. 5-10 минуттық 50 мультфильм шығарсақ деген мақсатымыз бар. Толық метражды 1-1,5 сағаттық анимациялық, сапалы мультфильм жасап шығаруды да қолға аламыз. Сондай-ақ, қазір әлем мәдениеті бет бұрған аниме мен комиксті де қолға алсақ деген ниет бар. Аниме стильмен 4 кітап шығаруды жоспарлап отырмыз", - дейді Парасат Тәненов.

Биылғы оқу жылының қарсаңында жоба жетекшілері тарапынан "Orda Joly" атты білім экспедициясы ұйымдастырылған.

"Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылды "Балалар әдебиеті" жылы деп жариялады. Бұл балалар тәрбиесіне аса зор көңіл бөлуіміз керек екенін көрсетеді. Президент Жарлығын негізге ала отырып, Bugin холдингінің қолдауымен "Orda Joly" білім экспедициясы өз сапарын бастады. Мақсатымыз – Қазақстанның әр өңірін аралап, көзінде шырағы бар өрендерді қолдау", - дейді "OrdaGen" жобасының негізін қалаушы Айбек Қуатбай.