Сахара шөлін көгалдандыру мүмкін бе?

Сахара шөлін көгалдандыру мүмкін бе?
Фото: vedgard.com

Африка десе, әлемдегі ең үлкен шөл – Сахара еске түсері анық. Кейде осынау шөл тіршілік ортасына айналып, талай жанның мекені болса дейсің. "Құм мен құмайт жерді көгалдандыруға мүмкіндік бар ма әлде жоқ па?" деген ой тағы бар. Шөлді көгалға айналдыра аламыз ба әлде жоқ па – оны біз Сахараға қарап білеміз.

Өйткені бұл маңда адамзат тарихында алғаш рет ауқымды көгалдандыру жұмысы басталған. 30 млн шаршы шақырым аумаққа көшет егіліп жатыр. Егер егілген талдың бәрі ойдағыдай өсіп шықса, онда бұл маңай орманға айналмақ.

Африканың 21 мемлекеті бірігіп, "Ұлы жасыл белдеу" жобасын қолға алды. Жоба бойынша Сенегал елінен Джибути мемлекетіне дейін 7775 шақырым, ені 15 шақырым белдеуге ағаш егіледі. 2030 жылға дейін ағаш отырғызылады деп жоспарланған. Әзірше жалпы ағаштың 15 пайызы егілді. Егер егілген көшет өсіп шықса, нағыз орманға, жасыл белдеуге айналмақ. Оны тіпті ғарыштан да көруге болады.

Жалпы шөл аймаққа тал өсіріп, көгалдандыруға, теориялық тұрғыдан болады. Оның жолдары да баршылық. Бірақ мынаны түсінгеніміз абзал.

Шөлді аймақтың (оның ішінде Сахара да бар) басты проблемасы да сол – су жоқ. Егер инженер каналдары арқылы шөлдің ішіне су тартылса, онда орман өсіру оп-оңай. Қазір жаңбыр суын жинау, мұхит суын тұщы суға айналдыру әрі ұзақ жолға жеткізу сынды технологиялар баршылық.

Құм суды ұстап тұра алмайды. Сондықтан су әкелерде топырақтың беткі қабатын қатайтып, бекітіп, құм эрозиясын тоқтату қажет. Сол кезде құмның бетіндегі температура төмендеп, құйын, жел мен торнода азаяды.

Шөлді көгалдандырудың, дәлірек айтсақ, Сахараны жасыл желекке айналдырудың тағы бір жолы бар. Ол – күн батареясы мен жел генераторын пайдалану. Осы мақсатта арнайы "Сахара орманы" атты жоба да ұсынылған екен. Мамандардың айтуынша, шөлді жерге күн панелін орнатса, күн сәулесінің шағылысуы азаяды. Ал жел генераторы болса, желді белгілі бір бағытта айдап, жаңбыр туғызуы мүмкін. Бірақ бұл жоба әлі қағаз күйінде жатыр. Оны қолға алу үшін көп қаржы керек көрінеді.

Қ. Слямбек